Ливиялық көтерілісшілер Триполиді басып алды

АСТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат - Ливиялық көтерілісшілер Муаммар Каддафидің резиденциясы орналасқан шағын ғана Баб әл-Азизия шаршысынан басқа Триполи аумағын түгелімен бақылауға алды.

Ливиялық көтерілісшілер Триполиді басып алды

Бұл туралы «Әл-Жазира» телеарнасынан көтерілісшілер өкілінің мәлімдемесіне сілтеме жасап, Reuters агенттігі хабарлады.

РБК агенттігі хабарлағандай, халықаралық қылмыстық сот көтерілісшілердің Муаммар Каддафидің баласы Саиф әл-Исламды тұтқынға алғандарын растап отыр. Бұған дейін елдің астанасы Триполиге шабуыл жасаушы Ливия оппозициясының жақтастары оларға мемлекет басшысының үлкен ұлы Мұхамедтің берілгендігін айтқан болатын. Ал оның өзі Al Jazzera телеарнасына өзін көтерілісшілердің үйқамақта ұстап отырғанын, оның өмірі қауіпсіз жағдайда кепілдендірілгенін айтқан болатын.

Триполидегі жағдай туралы қарама-қайшы ақпараттар да жоқ емес. Al Jazzera телеарнасының хабарлауынша, Баб әл-Азизия әскери базасын да наразылыққа қатысушылар толық бақылауға алған көрінеді. Ал Sky News телеарнасының айтуынша, оппозиция өкілдері тек қаланың орталығын ғана бақылауға алғанға ұқсайды.