Лизингке техника алатын шаруалардың алғашқы жарнасын мемлекет субсидияламақ

трактор, егін
Фото: Валерий Бугаев

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу шарттарын жеңілдету туралы тапсырма берді.

«Ауыл шаруашылығы техникасының тозуы өткір проблема күйінде қалып отыр. Қазіргі таңда жалпы техника паркінің шамамен 75%-дан астамының тозығы жеткен. Бұл мәселе де тиісті шешімді талап етеді. Диқандардың жаңа техниканы сатып алуын жеңілдетіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту қажет.

Аталған мәселені шешу үшін фермердің өзі төлеп келген алғашқы 15% жарнаның орнына тікелей лизингтік компанияға инвестициялық субсидия салынуға тиіс», - деді Үкімет басшысы.

Оның пайымдауынша, аталған шара шаруаларға өздерінің айналым қаражатын сақтап қалуға мүмкіндік бермек.

«Фермерлер өздеріне тиесілі субсидиялардың тым кешігіп төленетініне наразылық білдіруде. Өткен жылғы субсидиялар бойынша қарыз 160 млрд теңгеден асып кетті. Бұл қаражатты егіс жұмыстарына жаратуға болатын еді. Жеңілдікті дизель отынын үлестіру барысы да ерекше бақылауда болуға тиіс. Алыпсатарлыққа және қолдан тапшылық жасауға жол бермеу керек», - деді Олжас Бектенов.

Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы жүргізу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауы қажет. 
Жұмысты күшейтіп, анықталған проблемаларды шешудің нақты жолдары болуға тиіс.

Соңғы жаңалықтар