Логистиканың тиімділігі: Қазақстан «88»-ден «77»-ге жылжыды

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бүгінде «Қытай-Еуропа-Қытай» бағытындағы транзиттік контейнерлер тасымалы 2 есеге артып, 104,5 мың контейнерді құрап отыр. 2015 жылда аталған көрсеткіш 47,3 мың контейнер болған. Ағымдағы жылда барлық контейнерлер тасымалының көлемі 330 мың контейнерге дейін жетеді деген болжам бар. Соның ішінде «Қытай-Еуропа-Қытай» контейнерлік тасымалы 230 мыңға жетуі тиіс.
«Транзиттік авиажолаушылар саны 2016 жылы 250 мыңнан 478 мыңға дейін жетті. 2017 жылы олардың саны 600 мыңға жетеді деп жоспарлануда. Негізгі жолаушылар легін Азиядан Қазақстан арқылы Еуропаға және кері бағытта қатынайтындар құрайды», - деді Қасымбек министрліктің бүгінгі кеңейтілген алқа мәжілісінде.
Қазақстандық әуе компаниялардың Еуропалық Одақ елдеріне ұшуына қойылған шектеу алынды. Енді ЭКСПО-2017 кезінде туристерге қызмет көрсету үшін Астана қаласына ұшатын әуе рейстерінің санын арттыру мақсатында «ашық аспан» жобасын бастау көзделіп отыр.
«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша республикалық маңызы бар 913 шақырым автокөлік жолдарындағы жөндеу жұмыстары аяқталды, сондай-ақ, оның 767 шақырымы пайдалануға берілді. Жобаны жүзеге асыру үшін 75 мың адам жұмылдырылды», - дейді министр.
2017 жылы бөлінген қаржы есебінен 7 өтпелі жобалардың жұмысы жалғасып, (Астана-Қарағанды, Орталық-Шығыс, Бейнеу-Ақтау, Орталық-Батыс, Қапшағай-Талдықорған, Астана-Петропавл және Орал-Каменка), жыл соңында соның 602 шақырымындағы жұмыстар аяқталады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 3,2 мың шақырымды құрайтын 12 жаңа жобаның құрылысы басталады. Оның ішінде жалпы ұзындығы 2,5 мың шақырымды құрайтын 9 жоба Халықаралық қаржы институтының (МФИ) есебінен жүзеге асырылатын болады.
Министрдің айтуынша, биыл жалпы ұзындығы 4,4 мың шақырым жолда жұмыс жүргізіледі. Оған 100 мың адам тартылады. Бұдан бөлек, 469 шақырымды құрайтын Алматы-Теміртау, Алматы-Қапшағай және Алматы-Қорғас автожолдарында ақылы жүйе енгізіледі.
Сонымен қатар, министр автожолдармен қатынаушыларға қызмет көрсету деңгейін арттыру үшін сапалы инфрақұрылымға үлкен мән берілетінін атап өтті. Ағымдағы жылы жолдардың бойында халықаралық талаптарға сай 50 қызмет көрсету нысанын салып, қазір жұмыс істеп тұрған 800 нысанды жаңғырту жоспарланып отыр.