Ломаченко мен Уолтерстің жекпе-жек кешінде тағы бір қазақ боксшысы шаршы алаңға шығады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ломаченко мен Уолтерстің жекпе-жек кешінде тағы бір қазақ боксшысы шаршы алаңға шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ломаченко мен Уолтерстің жекпе-жек кешінде тағы бір қазақ боксшысы шаршы алаңға шығады

Ломаченко мен Уолтерс жекпе-жегін «Хабар» телеарнасы 27 қараша күні Астана уақыты бойынша таңғы сағат 09:00-де тікелей эфирінде көрсететін болады.

Қос боксшы екінші жартылай жеңіл салмақта WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионының титулы үшін жұдырықтасатын болады. Бүкіл әлем көз тіккен айқас АҚШ Невада штатының Лас-Вегас қаласындағы «The Cosmopolitan» қонақүйінде өтеді.

Василий Ломаченко - 28 жаста, украиналық кәсіпқой боксшы. Ол екі дүркін Олимпиада чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы. 2013 жылы The Ring бокс журналы оны болашағынан үміт күттіретін боксшы деп таныды. Лақап аты - Hi-tech.

Николас Уолтерс - 30 жаста. Ямайканың кәсіпқой боксшысы. WBA super, WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы. Лақап аты - Axe Man (ағылшын тілінен аударғанда «Отыншы»).

Ал осы бокс кешінде қазақ жігітінің өнерін тамашалайтын боламыз. Ол - Асхат Уәлиханов. Қандасымыз мексикалық Даниэль Бастиенмен жұдырықтасады деп жоспарланған.

Естеріңізде болса, 19 қарашада кәсіпқой бокстан жартылай ауыр салмақта WBA (super ), IBF және WBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы атағы үшін Сергей Ковалев пен Андре Уорд арасында жекпе-жек кеші өткен күні Мейірім Нұрсұлтанов кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңісіне қол жеткізген болатын.