Ломбардтарға қосымша шектеулер енгізілмейді

АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі еліміздегі ломбардтар қызметіне талапты күшейтуді жоспарлап отырған жоқ. Бұл жөнінде агенттік төрағасының орынбасары Олжас Қизатов мәлімдеді. 

ломбард
Фото: Gov.kz

— Ломбардтарға қатысты заңнама мен талаптарды қатаңдату жөнінде ешқандай жұмыс қарастырылып жатқан жоқ, – деді ол Сенат кулуарында.

Сонымен қатар, Олжас Қизатов банктер мен шағын қаржы ұйымдарына талапты күшейту салдарынан азаматтардың ломбардтарға ағылуы артқанын мойындады.

Ломбардтық несие берудің ерекшелігі — онда барған кісілер қарыз алмайды, алтын бұйымдарын өткізіп, ақысына ақшаға ие болады.

— Бұл өсіммен несие алудан анағұрлым жақсы, — деді ол.

Маманның сөзінше, бұл секторда да талап қатаңдатылса, онда қаржылық операциялардың бір бөлігі заңсыз нарыққа ойысуы ықтимал. Онда азаматтардың құқығы қорғалмайды.

Агенттік мәліметінше, 2025 жылы ломбардтардың портфелі 33%-дан астамға ұлғайып, 417 млрд теңгеге жеткен. Нарық қатысушыларына 200 айыппұл салынып, 18 қадағалау шарасы тағайындалған және төрт ломбард лицензиясынан айырылған.

Айта кетейік, бұған дейін ломбардтағы қарыз ипотека алуға кедергі келтіретіні немесе келтірмейтіні жөнінде жазғанбыз.