Лондон қазақтары Биг-Бен алдына күй тартты

None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат – Ұлыбритания төрінде ұлттық аспабымыз ұлықталды. Лондон қазақтары Биг-Бен мұнарасының алдына жиналып, домбырамен ән айтты. Флешмобқа жергілікті халық пен шетелдік туристер куә болып, қазақ өнерінің құдіретіне тәнті болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Еркін Бекбаев – Қазақстанда дүниеге келіп, Ұлыбританияда өскен отандасымыз. 16 жасында білім қуып, Тұманды Альбионға кеткен ол тілдік ортаның жоқтығынан қазақшаны сәл ұмытыңқырап қалған. Бірақ атасы үйреткен домбыра тарту өнерін естен шығармаған. Шараларға үнемі аспабын өзімен бірге алып жүретін Еркін бұл жолы да дәстүрінен жаңылмады.


«Мен бүгін «Адай», «Ата толғау» күйлерін орындадым. Сондай-ақ «Қара жорға», «Домбыра» әндерін де айттым. Жаһандану дәурінде, шетелде өскен қазақ балалары үшін кім екеніңді ұмытып қалу қаупі өте жоғары. Домбыра маған төл мәдениетімді естен шығармауға мол мүмкіндік береді», - деді Еркін Бекбаев.

Шараның ұйымдастырушысы Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі. Мақсат – домбыра күніне орай Лондонда жұмыс немесе оқу бабымен уақытша тұрып жатқан отандастырымыздың басын біріктіріп, шетелдіктерге ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді паш ету. Флешмобқа көрші қалалардан келген қазақ студенттері де қатысты.

«Сонау Ковентриден, екі сағаттық жерден таңғы алтыда тұрып, осы жерге келдік. Домбырамыздың үнін естіртіп жатқанымыз өте-өте жақсы. Солай бізді тани бастайды, еліміздің аты шығады», - дейді «Болашақ» бағдарламасымен докторантурада оқып жатқан студент Әсем Аймағанова.


Биг-Бен жанында жүрген шетелдік туристердің ұлттық аспабымызға деген қызығушылығы өте жоғары болды. АҚШ, Австрия, Үндістан азаматтары әуелеген әсем әндерді ұйып тыңдап, таңданыстарын жасырмады. Ұлттық киім киген жастармен фотоға түсіп, домбыра туралы ақпарат алды. Кейбірі, тіпті, музыкалық аспапта ойнап та көрді.

«Қызым музыка жақсы көреді. Аспаптың дауысын естіп, ұйып тыңдай жөнелді. Біз де домбыраның әсем үніне тәнті болдық. Қос ішектен ғана тұрса да әуезді үні керемет әсерге бөлейді екен», - дейді Австрия азаматы Джудас Уолтер.


«Мен бұрын географияны жақсы көретінмін. Ол менің хоббиім болды. Қазақстан Орталық Азияда орналасқан ел екенін білемін. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанмен шекараласады. Сіздерде жылқы өсіру мәдениеті жақсы дамыған», - дейді АҚШ азаматы Кэйси Джеймс.

Алдағы уақытта Абай Құнанбайұлы көзі тірісінде пайдаланған домбырасының көшірмесін Британ мұражайына табыстау жоспарда бар. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Жуық арада ұлы ақынның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығынан хабардар әлем халқы енді оған тиесілі құнды жәдігерді де тамашалай алатын болады.


Соңғы жаңалықтар