Лондон қор биржасына шығатын Zhaikmunai өз атауын өзгертуді жоспарлап отыр

Financial Times (FT) хабарынша, 29 қарашадан Амстердамда компания акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысы өтеді, онда Zhaikmunai атауын Nostrum Oil&Gas деп өзгерту туралы мәселе қарастырылады.
«Компания өз акционерлері үшін ликвидтігін арттырудың түрлі жолдарын қарастыруда, оның ішінде акцияларын Лондон қор биржасының немесе басқа да халықаралық қор биржаларының тізіміне енгізу бар», - делінген Zhaikmunai мәлімдемесінде.
Лондон қор биржасында 2008 жылдан бастап Zhaikmunai акцияларына арналған жаһандық депозитарлық қолхаттар (GDR) саудалануда, бағалы қағаздардың 32%-ы еркін айналымда. Осы жылдың басынан бері Zhaikmunai GDR-інің бағасы 19,63%-ға өсіп, 11 қараша, дүйсенбідегі суда қорытындысы бойынша, 12,8 доллар болды.
Financial Times дерегінше, Zhaikmunai Мэн аралындағы оффшорлық аумақта тіркелген. Компанияның бас акционері - бельгиялық бизнесмен Фрэнк Монстрей. Ол компанияның Директорлар кеңесін де басқарады.
Қазақстан қор биржасының (KASE) дерегінше, ағымдағы жылдың екінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша Zhaikmunai 115,7 млн. доллар таза пайда тапты, ал сауда-саттығының көлемі шамамен 442,499 млн. доллар болған. Активтерінің рентабельдігі - 6,89% (ROA).
KASE-те Zhaikmunai акциялары листингтелмеген, компания екі рет еурооблигациялар шығарған.
Zhaikmunai Чинаревское, Ростошинское, Дарьинское және Оңтүстік-Гремячинское кен орындарында мұнай өндіреді. Бұлар Оралдан солтүстік-шығысқа қарай орналасқан. Компанияның негізгі өндірістік қуаты Чинаревское кен орнында: 2012 жылдың қорытындысы бойынша кеніштегі көмірсутектердің дәлелденген қоры мұнай эквивалентінде (бнэ) 194,8 млн. баррельге бағаланған, ал мұнай қорының ықтимал көлемі - 311,3 млн бнэ.