Лондон мэрі бір әйелді бұзақылар шабуылынан қорғап қалды
АСТАНА. Қарашаның 4-і. ҚазАқпарат - Лондон мэрі Борис Джонсон көшеде бұзақылардың шабуылына ұшыраған бір әйелді құтқарып қалды,
деп хабарлайды британдық ВВС телекомпаниясы.
Кеше кешкісін велосипедпен үйіне қайтып келе жатқан Джонсон мырза Лондонның солтүстігіндегі Кэмдэн ауданында бір оқиғаның куәгері болды. Бір топ жасөспірім қыздар, біреуінің қолында темір сойыл бар, жергілікті тұрғын әйел Фрэнни Армстронгты қоршап алады. Жұрттың назарын өзіне аударып, көмек сұраған әйелдің айқайын дәл осы сәтте жақын маңда кетіп бара жатқан Лондон мэрі естиді. Ол айқайлап, бұзақыларды шошытады да, сойылдарын тастай қашқан олардың соңынан велосипедпен қуады. Бірнеше минуттан кейін оқиға орнына қайтып келіп, әйелді үйіне дейін шығарып салады.
«Ол мені құтқарып қалды», дейді Армстронг ханым. Қазіргі консерватор мэрдің жанкүйері емес екенін мойындаған Армстронг ханым, өткен сайлауда оның қарсыласы Кен Ливингстонға дауыс бергенін айтып отыр.
«Бірақ басыңа іс түскенде, Кен Ливингстоннан гөрі, Борис Джонсон пайдалырақ екен»,- деп әзілдейді Армстронг ханым.
Джонсонның баспасөз хатшысы осындай оқиға болғанын растады, бірақ қала басшысының басқа комментарийден бас тартқанын мәлім етті.