20:23, 22 Қыркүйек 2017 | GMT +5
Лондон метросындағы теракт: Бас күдіктіге айып тағылды
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Ұлыбританияда 18 жастағы Ахмед Хасанға Лондонның «Парсонс-Грин» метро станциясында болған лаңкестік шабуылға байланысты айып тағылды. Бұл туралы жұма күні Лондон полициясы таратқан хабарламасында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.
Жұма күні, 22 қыркүйекте Ахмед Хасан сотқа келеді. Оған жарылғыш заттарды пайдаланып, мүлікке қасақана зиян келтіріп, адам өлтіруге әрекет жасады деген айып тағылды. Ахмед Хасан 16 қыркүйекте теңіз жағасындағы Дувр қаласында ұсталды. Бұдан бөлек, 25, 30 және 17 жастағы үш ер азамат тергеу аясында қамауда отыр.
Еске салайық, жұма күні, 15 қыркүйекте Лондондағы «Парсонс-Грин» метро станциясында жарылыс болды. Адам толы вагонда қолдан жасалған қуаттылығы орташа бомба жарылып, соның салдарынан 30 адам зардап шекті. Болған оқиғаның жауапкершілігін ИГИЛ террористік ұйымы өз мойнына алды.