ЛОНДОН ОЛИМПИАДАСЫ: Үштіктен көріну арман, ал ондыққа ену мәртебе
АСТАНА. 20 мамыр. ҚазАқпарат - Биылғы жылдың басты оқиғасы Ұлыбритания астанасы Лондонда өтетін ХХХ жазғы олимпиадасы ойындарының басталуына 67 күн қалды. «ҚазАқпарат» агенттігі дәстүрлі түрде аптаның әр жексенбісінде осы айтулы спорттық шарада Қазақстанның намысын қорғайтын спортшыларды таныстыруды жалғастырады.
Осы жолы біз оқырман назарына дүбірлі додада Қазақ елінің намысын синхронды жүзуден қорғайтын спортшыларымыз жайындағы ақпаратты ұсынбақпыз.
Есте болса, ағымдағы жылы еліміздің атын әлемдік деңгейлердегі жарыстарда паш етіп жүрген синхроншылар Анна Кулькина мен Әйгерім Жексембинова Лондон Олимпиадасының жолдамаларын ұтып алған еді. Олар Лондонда өткен біліктілік турнирінде техникалық және ерікті бағдарламалардың қорытындысы бойынша 14-інші орынға ие болды. Анна мен Әйгерімнің аталған жетістіктері оларға әлемнің үздік 24 жұбымен бірге Лондон Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік берген еді.
Спортшыларымызды таныстырмас бұрын осы спорт түрінің тарихына шолу жасасақ. Бір қызығы, бұл спорт түрінің шығу тарихына қатысты деректер ала-құла. Бір жерде оның түптөркінін кәрі құрлыққа телісе, келесі материалда Канададан бастау алған деген ақпарат бар. Сонымен синхронды жүзу әуен ырғағымен түрлі фигуралардың суда орындалуымен байланысты спорт түрі. Бір қарағанда өте оңай спорт түрі көрінгенімен шын мәнінде көп күш-қуатты, төзімділік пен шыдамдылықты, асқан шеберлікті қажет етеді. Бастапқыда су балеті ретінде танымал болған синхронды жүзу 1920 жылдары Канадада пайда болып, араға 10 жыл салып бүкіл АҚШ-қа тараған. 1948 жылы-ақ бұл спорт түрі олимпиада ойындарында көрсетілім түрінде қосылып, 20 жыл бойы сол күйінде қалып қойды. Тек 1984 жылы Лос- Анджелесте өткен ойындарда ғана олимпиадалық спорт түрі ретінде толыққанды құқықтық мәртебеге ие болып, жеке және жұптық жарыстар өткізілді.
1992 жылғы Барселено олимпиада ойындарына дейін синхронды жүзу жарысының бағдарламасы жеке және жұптық разрядтан тұрды. Ал араға төрт жыл салып Атлантада өткен ойындардың олимпиадалық бағдарламасында синхронды жүзу жарысына өзгерістер енгізіліп, жеке және жұптық разрядтар алынып тасталып, топтық жаттығулар қосылды. Осылайша сол жолы бұл спорт түрінен бір ғана награда жиынтығына талас болды. Ал 2000 жылғы олимпиада ойындарынан бастап награданың екі жиынтығы, атап айтқанда жұптық және командалық жарыстардың жеңімпаздарына медаль беріле бастады.
Міне осындай тарихы бар спорт түрінен жоғарыда атап өткеніміздей екі спортшымыз Қазақ елінің намысын қорғайтын болады.
Оның біріншісі - Әйгерім Жексенбинова. 1993 жылы дүниеге келген бұл спортшымыз халықаралық санаттағы спорт шебері. Ол ең үздік нәтижені осыдан екі жыл бұрын өткен Азия ойындарында көрсетіп, аралас бағдарламада үшінші орынға тұрақтаған болатын. Ал 2011 жылы дәл осы бағдарлама бойынша әлем чемпионатында оныншы орынға тұрақтаған еді. Біз өз тарапымыздан синхронды жүзуден Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Жанна Генченкоға хабарласып, Лондон олимпиадасының жолдамасын иеленіп отырған спортшылар жайындағы пікірін біліп едік. «Өте еңбекқор әрі тәртіпке бойсұнатын спортшы. Жүзумен алты жасынан айналысатын Әйгерім әрқашанда да тыңғылықты жаттығуға ден қояды. Бұл оның алғашқы олимпиадасы. Жасыратыны жоқ, біз одан жоғары нәтижелер күтеміз. Жалпы, ол туралы айтар болсам, өмірде өте сыпайы болуымен қатар өз ісіне тыңғылықты деп баға берер едім», - дейді ол.
Әйгерімнің жұптасы Анна Кулькина 1986 жылы дүниеге келген. Алматы қаласының атынан өнер көрсететін ол халықаралық санаттағы спорт шебері. Оның үздік нәтижесі - 2009 жылы Италияда өткен Әлем чеипионатында жеке бағдарламада оныншы орынға табан тіреуі. Ол 2006 жылы Арна Тоқтағанмен жұптасып, Азия ойындарында қола жүлдені қанжығасына байлаған-ды. Сонымен қатар 6 жасынан жүзумен айналдысатын бұл спортшымыз 2010 жылы Азия ойындарында аралас бағдарламаны орындауда қола медальді місе тұтқан еді.
«Ол біздің үздік әрі еңбекқор спортшыларымыздың бірі. Тыңғылықтығымен қатар жаттықтырушының кез келген нұсқауын бар ынта-жігерімен орындауымен ерекшеленеді. Бейжіңде өткен олимпиада ойындарында ол арқасының ауыруына байланысты өзінің шеберлігін барынша ашып көрсете алмаған еді. Ал осы жолы өз өнерін 100 пайыз көрсете алады деп сенім артып отырмыз», - дейді Жанна Генченко.
Жалпы бас жаттықтырушының айтуына қарағанда, Лондон олимпидасында Қазақ елі үміт артып отырған бұл спортшылардың жұптасып өнер көрсеткендеріне көп бола қойған жоқ. Анна Кулькина бұған дейін Арна Тоқтағанмен жұпта өнер көрсеткен еді. Ал ол Бейжің олимпиадасынан кейін үлкен спортпен қош айтысқан болатын. Синхронды жүзуден елдің ұлттық құрамасының тізгінін ұстаған мамандар спортшылар алдына кемінде 15-ші орынға тұрақтауды міндеттеп отыр. Дегенмен одан да жоғары нәтиже күтетіндігін жасырмайды да. Демек, үштіктен көріну арман, ал әлемнің үздік он спортшысы қатарынан көріну қазақ спортшылары үшін зор мәртебе болар еді.