Лондон олимпиадасында нақты нәтижеге қол жеткізу үшін қажетті міндеттер жүктеліп, міндеттемелер бекітілді - министр
АНА. 28 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Еліміздегі әрбір жаттықтырушы мен спортшыға Лондон олимпиадасында нақты нәтижеге қол жеткізу үшін қажетті міндеттер жүктеліп, міндеттемелер бекітілді.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов мәлім етті.
Өз баяндамасында ағымдағы 2011 жылы атқарылатын басты шараларға тоқталған министр, биыл елімізде дене шынықтыруды және спортты дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған салалық бағдарламасы әзірленетінін атап өтті. «Биылғы ең басты міндет - қазақстандық спортшыларды Лондондағы 30-шы жазғы Олимпиада ойындарына және басқа да халықаралық жарыстарға дайындау. Еске салсақ, 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында біздің спортшылар 13 медаль иеленіп, 205 қатысушы мемлекет арасында 19-орынға қол жеткізген еді. Бұл еліміздің Олимпиадалық қозғалысының дамуының бүткіл кезеңіндегі олимпиадалық құрама команданың ең үздік көрсеткіші болып табылады. Осыған байланысты біз жаттықтырушылар құрамының, спортшылардың алдына 2012 жылы Лондон Олимпиадасына бұдан да сәтті өнер көрсетуді қамтамасыз ету міндетін жүктеп отырмыз. Қазіргі күні осы мақсат бойынша ұлттық құрама команданы даярлау жоспары бекітілді. Негізгі құрамаға спортшылар іріктеліп, олармен келісімшартар жасалып, маңызды дайындық жұмыстары атқарылуда. Әрбір жаттықтырушы мен спортшыға Лондон олимпиадасында нақты нәтижеге қол жеткізу үшін қажетті міндеттер жүктеліп, міндеттемелер бекітілді», - деді Т. Досмұхамбетов.