Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері И.Дычкоға Қазақстанның еңбек сіңірген спортшысы атағы берілді

АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Иван Дычкоға Қазақстанның еңбек сіңірген спортшысы атағы берілді.

Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері И.Дычкоға Қазақстанның еңбек сіңірген спортшысы атағы берілді

Аталмыш атақты бүгін Астанада бокстан ересектер арасында өткен Қазақстан біріншілігінің жабылу рәсімінде ҚР Президенті атынан Спорт және дене шынықтыру агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов табыс етті.

Е.Қанағатов мерейі тасыған боксшыға келесі Олимпиадада «алтынға» қол жеткізуді тілеп, оған олимпиадалық спорт түрлерін дамытудағы еңбегі үшін алғысын айтты.

Айта кетейік, Лондондағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Иван Дычко Қостанай облысының тумасы, халықаралық санаттағы спорт шебері. Оның Владимир Шайрер, Сапабек Мұқышев атты екі жаттықтырушысы бар. Иван 2008 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатының және 2010 жылы Азия ойындарының күміс жүлдегері, 2011 жылы Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған.

Әрине, бұл спортшының одан да жоғары жетістіктерге жетуге әлеуеті бар. Бірақ, И.Дычконың жеңістері әлі алда деген ой келеді. Қазақстан құрамасында Иван Дычко тәрізді аса ауыр салмақтағы жоғары класты спортшы 2000 жылы Сиднейдегі Олимпиада ойындарында күміс медальды иеленген Мұхтархан Ділдәбеков кезінен бері болмады. Иванға болашақ айқастарында сәттілік тілейік.