Брюссельде Қазақстан мен ЕО арасындағы стратегиялық әріптестікті дамыту мәселелері талқыланды
АСТАНА. KAZINFORM – Брюссельде Берлин Еуразиялық клубының (BEK) 47-отырысы өтіп, онда Еуропалық одақтың Global Gateway жаһандық инвестициялық стратегиясын іске асыру арқылы Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдету мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
2012 жылы құрылған Берлин Еуразиялық клубы өзекті мәселелер бойынша ашық пікір алмасуға арналған тиімді әрі эксклюзивті алаң саналады. Клуб неміс, еуропалық және қазақстандық саясаткерлерге, сарапшыларға және бизнес өкілдеріне Қазақстандағы оқиғаларды, сондай-ақ Германия және Еуропалық одақпен саяси-экономикалық байланыстарды талқылауға мүмкіндік береді.
Диалог алаңына Еуропалық институттардың, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, сондай-ақ Еуропа мен Қазақстанның жетекші компанияларының басшылары қатысты.
Жиынды ашқан Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Роман Василенко Астана мен Брюссель арасындағы саяси қатынастар туралы ақпарат берді.
Германия экономикасының Шығыс комитетінің атқарушы директоры Макаэль Хармс қазіргі отырыс Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Берлинге сапарынан кейін өтіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, сапар экономикалық тұрғыдан маңызды нәтижелер берді. Атап айтқанда, 30-дан астам құжатқа қол қойылып, жалпы сомасы 2 млрд АҚШ долларынан асатын іскерлік келісімдер жасалған.
Брюссельдегі талқылаудың негізгі тақырыбы Global Gateway Investment Hub аясында қаржыландыру тетіктерін іс жүзінде іске асыру және жеке капиталды тарту мәселелері болды.
Сарапшылар мен нарық өкілдері көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға және тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен жобаларды қолдаудың нақты құралдарын қарастырды.
Тараптар Орталық Азияны Еуропамен байланыстыратын сауда және транзиттік дәліздерді дамытуға ерекше назар аударды. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағытының (Орта дәліз) әлеуетіне басымдық берілді.
Отырыстың жеке сессиясында стратегиялық маңызы бар шикізат (CRMs), жаңартылатын энергетика және «жасыл» сутегі салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Бұл бағыттар өндірістік және энергетикалық тізбектерді өзара ықпалдастыруға бағытталғанын көрсетті.
Брюссельдегі сарапшылар Қазақстанның жаңа саяси дәуірін талқылады.