Лондон полициясы телефон ұрлығына қарсы операцияда 700-ден астам адамды ұстады

АСТАНА. KAZINFORM – Лондон полициясы ұялы телефон ұрлығына қарсы жүргізілген ең ірі операциялардың бірі барысында 700-ден астам адамды ұстады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Лондондағы меншікті тілшісі.

Украденные смартфоны станут бесполезными: Apple объединилась с полицией Лондона
Фото: The New York Times

Операция 1-30 қыркүйек аралығында жүргізілді. Полиция қызметкерлері 50-ден астам тінту жүргізді. Оның ішінде ұрланған құрылғыларды қабылдап, қайта сатуы мүмкін деген күдікке ілінген пайдаланылған телефон дүкендері де тексерілді.

Қалалық полицияның мәліметінше, телефон ұрлау және оларды иемдену мақсатындағы тонауға байланысты қылмыстар саны 2024 жылғы 81 439-дан 2025 жылы 71 867-ге дейін азайған. Бұл үрдіс биыл да жалғасып отыр. Қаңтар-тамыз айларында мұндай 39 793 құқық бұзушылық тіркелген. Былтыр осы кезеңде 49 136 қылмыс жасалған.

Қылмыс саны азайғанына қарамастан, Лондонда ұрланған телефондардың заңсыз нарығы әлі де ауқымды болып отыр. Ұлыбритания астанасы әкімдігінің бағалауынша, оның жылдық көлемі шамамен 50 млн фунт стерлингті немесе 30 млрд теңгені құрайды.

Бұл қылмыс түрімен күрестің бір тетігі ретінде Ұлыбритания полициясы мен Apple корпорациясы арасында ұрланған құрылғылар туралы ақпарат алмасу екі жылдан бері жалғасып келеді. Бұл құқық қорғау органдарына ұрланған телефондарды Ұлыбритания аумағында да, шетелде де бақылауға мүмкіндік береді.

Мәселенің ауқымы ел шекарасынан да асып отыр. Операция өткен жұмада Ұлыбританиядағы ең ірі ұялы телефон контрабандасы желісінің үш қатысушысына үкім шығарылуымен тұспа-тұс келді.

Тергеу мәліметінше, қылмыскерлер 2024-2025 жылдары Ұлыбританиядан Қытайға 40 мыңға дейін ұрланған ұялы телефонды шығаруды ұйымдастырған. Полиция бұл желі аталған кезеңде Лондонда ұрланған барлық телефондардың шамамен 40%-ына қатысы бар деп санайды. Үш қатысушыға тағайындалған жалпы жаза мерзімі 25 жыл бас бостандығынан айыруды құрады.

Сонымен қатар қылмыскерлер құрылғыларды қорғау жүйесінің күшейтілуіне бейімделіп жатыр. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қауіпсіздік технологиялары жетілдірілген сайын олар телефондарды бұзу үшін «әлеуметтік инженерия» деп аталатын жаңа әдістерге жиі жүгінетін болған.

Зиянкестер қолданушылар сенім білдіретін ұйымдардың өкілдері ретінде таныстырады. Олар құрбандармен басқа құрылғылар арқылы байланысып, телефондарды бұғаттан шығаруға қажетті парольдер мен есептік жазба деректерін алуға тырысады.

Бұған дейін Қазақстан мен Ұлыбритания одан арғы ынтымақтастыққа ашықтықты растады.