Лондон турнирі: Рыбакина мен Путинцева жұптық сында ширек финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандықтар Елена Рыбакина — Юлия Путинцева жұптық сында Лондон (Ұлыбритания) WTA 500 турнирінің ширек финалына жолдама алды.

Е.Рыбакинаның негізінен жекелей сында өнер көрсететіні белгілі. Бұл жолы ол отандасымен бірге Лондон корольдік жарысында жұптық сында да кортқа шығуды жөн көрді.
Қазақстандық жұп алғашқы айналымда испаниялық Кристина Букша — бразилиялық Беатрис Хаддад-Майяға қарсы келді.
Рыбакина — Путинцева матчты сәтті бастап, 3:0 есебімен алға шықты. Осы басымдылықтан сет біткенше айырылған жоқ — 6:3.
Екінші сетте есеп 2:2 болған мезетте қазақстандық дуэт брейк жасап, ізінше өз геймін де алды — 4:2. Алайда Рыбакина матчқа доп бергеннен кейін қарсылас жұп қос брейкке қол жеткізді — 7:5.
Супер тай-брейкте қазақстандықтар жеңісті жұлып алды — 10:6.
Бір сағат 28 минутқа созылған бәсеке барысында Елена — Юлия 6 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың тек екеуін пайдаланды. Букша — Хаддад-Майя 3 эйс, 2 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.
Юлия Путинцева — Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін жарыстың 4-ракеткалары, америкалық Айша Мухаммад — нидерландылық Деми Схурспен таласады.
Сонымен қатар Е.Рыбакина бейсенбі күні жекелей сында екінші айналымда ұлыбританиялық Хитер Уотсонмен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Лондон турнирінің ширек финалына өткенін жазған болатынбыз.