Лондонда адам өлтіру күдігіне ілінген Қазақстан азаматының соты жақын арада өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Лондонда адам өлтірді деген күдікке ілінген Қазақстан азаматына елшілік адвокат тауып бергенін айтты.
«Биыл 10 мамырда Лондон қаласының полициясы Қазақстанның Ұлтыбританиядағы елшілігіне адам өлтірді деген күдікпен Қазақстан азаматтарының ұсталғанын хабарлады. Олардың ерлі-зайыпты екені анықталды. Әйелі босатылды, күйеуі қамауда отыр», - деді А. Смадияров министрліктегі апталық баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, полиция күдіктіні тергеп жатыр.
«Жақын арада оның соты болады. Соттан кейін шешім қабылданады. Оған адвокат тауып бердік, Қазақстандағы туыстарымен байланыстамыз», - деді ресми өкіл.
Еске салсақ, жақында Ұлыбритания полициясы Қазақстан азаматы Баймолда Бейбітті кісі өлтірді деген күдікпен ұстады.
Күдікті Қазақстаннан Ұлыбританияға 2023 жылдың мамыр айында 6 айға маусымдық жұмыс визасымен келген.