Лондонда денсаулық сақтау реформасына қарсы ірі наразылық акциялары өтуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Лондонда ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне арналған шығындардың айтарлықтай қысқартылуына байланысты ауқымды наразылық акциясы өтті.
Алдын ала болжам бойынша, ереуілге елдің бар аумағынан 250 мыңнан астам медицина мамандары қатысқан, деп жазды The Independent газеті.
Акцияға қатысушылар 2020 жылға дейінгі денсаулық сақтау саласы бюджетінің 20 миллиард фунтқа азаюына қарсы. Мұндай үнемдеудің соңы науқастардың денсаулығының күрт нашарлауына және медициналық қызметтің құлдырауына әкеліп соғады, деп мәлімдеді ұйымдастырушылар. Студенттер, дәрігерлер және кәсіподақ мүшелерінен құралған ереуілшілер легі Тависток-скверден Вестминистрдегі үкімет ғимаратына дейін жүріп өтті.
Сарапшылардың бағалауынша, қысқартуға соның ішінде, әлеуметтік қамсыздандыру, науқастарға, мүгедектер мен қарттарға көмек көрсету және ауруханаларды күтіп-ұстау шығындары жатады. 2016 жылы әлеуметтік қамсыздандыру бюджеттері ақшалай мәнде 12% азайтылды, бұл ретте, медицина мамандарының қызметіне деген сұраныс 14% өскен. Бұл көбіне Ұлыбритания халқының қартаюынан болуда.