Лондонда Еуроодақтан шығуға қарсы шеру өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлыбритания астанасы Лондонда елдің Еуроодақ аймағында қалуын талап еткен шеру өтті, деп жазады «Хабар 24».
Бейбіт шараға 50 мың адам қатысты. Шаһардың орталық көшелерімен жүрген шерушілер парламент алдына жиналып, сәрсенбі күні болған лаңкестік құрбандарын еске алды. Акция бір есептен Одақтың құрылуына 60 жыл толуына орайластырылған. Мақсат - елдің Еуроаймақтан шығуын қаламайтынын жеткізу. Мұндай шеру Шотландия астанасы Эдинбургте де өтті.
Айта кетейік, Ұлыбританияда өткен жылы Еуроодақтан шығу жөнінде референдум өтіп, оны дауыс берушілердің жартысынан көбі қолдаған. Жақында ел парламенті үкіметке осы процесті бастауға рұқсат беріп, екі күннен кейін ресми Лондон бұл туралы Брюссельге ресми хат жолдауы мүмкін.