Лондонда Каспий құбыр консорциумы арқылы қазақстандық мұнай тасымалдау мәселесі талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Лондонда Ұлыбританияның Сыртқы істер және халықаралық даму министрлігінің Санкциялар жөніндегі басқармасының директоры Дэвид Ридпен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Лондонда Каспий құбыр консорциумы арқылы қазақстандық мұнай тасымалдау мәселесі талқыланды
Фото: «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ баспасөз қызметі

Кездесу барысында Каспий құбыр консорциумы мұнай құбыры арқылы Қазақстанның энергия көздерін жеткізу мәселесі де талқыланды.

ҚМГ басшысы Ұлыбританияның сыртқы саяси ведомствосына ынтымақтастық пен тұрақты кеңесі үшін алғыс білдірді.


«Әлемдегі геосаяси ахуал күрделенген кезде санкцияға байланысты тәуекелдер Қазақстан мұнайын, әсіресе КҚК құбыры арқылы үздіксіз жеткізуге «кедергі болмауы» аса маңызды. Бұл екі тарапқа да ортақ мүдде болғандықтан, осы секілді кездесуді сындарлы түрде өткізуіміз де маңызды», – деп атап өтті М.Мырзағалиев.

ҚМГ Басқарма төрағасы ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның Елшілігінің ұлыбританиялық серіктестермен тұрақты байланыс ұстаудағы ерекше рөлін атап өтті.