Лондонда Қазақстан тарихы туралы кітаптың тұсаукесері өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлыбританияның астанасы Лондон қаласында Роберт Уайттың «Жоғалған хандар және жазық дала. Қазақстанның ежелден бастап қазіргі кезеңге дейінгі тарихы» атты кітабының таныстырылымы өтті.

Лондонда Қазақстан тарихы туралы кітаптың тұсаукесері өтті

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Шығарма авторы Алматыда банк саласында үш жылдан астам жұмыс атқарған кезінде Қазақстанның мәдениетін және тарихын зерттеуге көп көңіл бөлген. Лондонға қайтып келген соң Р.Уайттың басты мақсаты - британдық аудиторияны, оның пікірінше, Орталық Азияның ең маңызды елінің әсерлі тарихымен таныстыру болды.

"Армиялар және империялар, тайпалар және хандықтар өз кезектерімен пайда болып, жоғалып жатты. Бұлтартпас тарихи үдерістер Қазақстанды хандар мен көшпелі рулық қауымдар елінен сыртқы дүниеге ашық заманауи мемлекетке дейін айтарлықтай өзгерістерге ұшыратты», деп тұжырымдайды ол.

Таныстыру рәсімі британдық сарапшылар арасында үлкен қызығушылық тудырды. "Қазақстанның мемлекеттілігін құру тарихы тек мамандардың ғана емес, сонымен қатар қарапайым британдық оқырмандардың да назарын аударады", дейді олар.