Лондонда Қазақстанның инвестициялық әлеуеті таныстырылды

ЛОНДОН. KAZINFORM - “Астана” халықаралық қаржы орталығы Лондонда шетелдік инвесторлардың басын қосты. Мақсат - Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері туралы айтып беру. Еліміздегі қаржы нарығын одан әрі тартымды ету үшін не істеу керектігін білу, деп хабарлайды Kazinform-ның сол елдегі меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлы.

инвестиция
Фото: Ғалымжан Қараманұлы/Kazinform

Жаһандық геосаяси жағдай инвесторларға халықаралық нарықтарға шығуды қиындатты. Бизнес қауымдастық кәсібін дөңгелету үшін жаңа бағыттар іздеуге мәжбүр. Ал Қазақстан Еуразия құрлығының кіндігінде орналасқан.

Біздің ел арқылы Еуразия экономикалық одағы мен Қытай және Каспий өңірі елдеріне тікелей шығуға болады.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға мол мүмкіндік беріп отыр.

ренат
Фото: Ғалымжан Қараманұлы/Kazinform

«Бастапқыда, 2022 жылы, әрине, көптеген инвесторлар ойланып қалды. Яғни, біздің аймақта жағдай қалай дамитындығына күмәнмен қарады. Бірақ біз саяси-экономикалық реформаларды жалғастырып жатқанымызды, ашықтығымызды көрсеттік. Соған байланысты сыртқы тікелей инвестициялар сол жылы рекордтық деңгейді көрсетті», — дейді «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров. 

Бұған дейінгі таныстырылым Лондонда 5 жыл бұрын өтіпті. 

«Одан бері орталық жұмысы нығайды. Біршама табысты жоба жүзеге асырылды. Әлемнің ең ірі қаржы орталықтарының бірінде өткізіліп жатқан шараға Қазақстанға инвестициялау мүмкіндіктері туралы білгісі келетін жұртшылықтың көптеп жиналуы қуантады», — дейді Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Мағжан Ілиясов. 

инвестиция
Фото: Ғалымжан Қараманұлы/Kazinform

Таныстырылымға 70-тей халықаралық, инвестициялық банктен, қаржы-консалтингтік компаниясынан, заң фирмасынан 120-ға жуық өкіл келді.

Олар орталықтың өңірдегі қаржы секторын жетілдірудегі рөлін талқылады.

Қазақстандағы акционерлік және борыштық капитал нарығын дамыту бойынша өз ойын ортаға салды.

Айта кету керек орталық биржасы іске қосылғалы бері тартылған борыштық капиталдың жалпы көлемі 4 млрд доллардан асады, үлестік капитал 365 млн-ға жетіп отыр.

ник
Фото: Ғалымжан Қараманұлы/Kazinform

«Әлемдегі ең ірі кастодиан банктер „Астана“ халықаралық қаржы орталығы биржасының депозитарлық клиентіне айналды. Шетелдік және қазақстандық инвесторлар сауда жасай алатын интеграцияланған капитал нарығы құрылды. Бұдан бөлек бюрократияның жоқтығы, салықтық жеңілдіктер орталықтың тартымдылығын арттырып отыр», — дейді Wood& Company инвестициялық банкінің бөлім басшысы Ник Кауфманн. 

Polymetal International PLC компаниясының директоры Евгений Монахов Қолайлы бизнес орта жасап берген әріптестеріне ризашылығын білдірді.  

монахов
Фото: Ғалымжан Қараманұлы/Kazinform

«Біз Қазақстанға заңды түрде өткен жылдың тамызында көшіп келдік. Әзірге бәрі ұнап жатыр. Біз күрделі геосаяси жағдайда жанға жайлы мекен тапқанымызға өте қуаныштымыз», — дейді Polymetal International PLC компаниясының директоры Евгений Монахов. 

«Астана» халықаралық қаржы орталығы ашылғалы бері Қазақстан экономикасына 11 млрд долларға жуық қаражат тартылған.

Оның шамамен 40 пайызы орталық биржасы арқылы жүзеге асты.

Өткен жылдың қарашасында биржада сауда-саттықтың 61 пайызын шетелдік инвесторлар жасаған.

Соңғы жаңалықтар