Лондонда Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды

Еліміздің туристік әлеуеті Тұманды Альбионда таныстырылды. Дүниежүзілік туризм жәрмеңкесіне әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қауымға Ұлы дала еліне саяхаттаудың артықшылықтары туралы айтылды. Отандық туроператорлар шетелдік әріптестерімен іскерлік қарым-қатынастар орнатты, деп хабарлайды Kazinform.

туризм
Фото: Kazinform

Алматы қаласы Дүниежүзілік туризм жәрмеңкесіне жыл сайын қатысады. Биыл ол бесінші рет қазақстандық ірі мегополистің туристік әлеуетін ілгерілету үшін шетелдік туроператорлармен іскерлік кездесулер өткізді. Алматы туризм басқармасы және туристік операторлар 3 күн бойы жүзден астам келісім-шартқа қол қойып, тау, іскерлік және этнотуризм бағыттары бойынша насихат жұмыстарын жүргізді.

“Алматы мәдени туристік орталық болып саналады. Бізде айта кетсек: Шымбұлақ, Медеу, Көктөбе сияқты көрікті жерлеріміз бар. Статистикаға сүйенетін болсақ, биыл 17 мыңнан астам турист келген. 2022-ші жылмен салыстырғанда 65 пайызға көп болып тұр”, дейді Алматы қаласы Туризм басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Есжанова.

туризм
Фото: Kazinform

Бұл тек Алматы бойынша ғана көрсеткіш. Ал бүкіл ел бойынша соңғы жарты жылда 3,5 млн шетелдік саяхатшы Қазақстанқа табан тіреген. Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін созылған кең байтақ қазақ даласын көргісі бар туристер көп. Әсіресе британ жұртшылығы арасында. Сапарға шықпас бұрын олар барлығын алдын ала зерттеп, үлкен дайындықпен келеді. Саяхатшыларға шатқалдар, саябақтар, Жібек жолы керуендік жол бағыты - бәрі-бәрі қызық. Оның үстіне ағылшындардан 30 күнге дейін виза талап етілмейді. Күн сайын ұшатын тікелей рейс тағы бар.

“Өткен жылы бізге Қазақстанға бару бақыты бұйырды. Ақтау және Алматының әсем табиғатын тамашаладық. Тәнті болғанымыз соншалық алдағы уақытта британ халқын көптеп тартқымыз келіп кетті. Шыны керек, екі ел арасы алшақтау. Бірақ Ұлы дала еліне жеткеннен кейін құшақ жая қарсы алып, қонақжайлық танытқан қазақтарды көрген ағылшындар риза болып жатады”, дейді британиялық туристік компания директоры Николас Корней.

туризм
Фото: Kazinform

42 жылдық тарихы бар Дүниежүзілік туризм жәрмеңкесі 184 елден келген 35 мыңнан астам сала маманының басын қосты. Биылғы шара “Қайта қауышу, қайта ойлау және қайта құру” тақырыбында өтіп жатыр және соңғы жылдары саланың дамуына тұсау болған түйіткілдерге назар аударып, болашаққа бағдар жасауға зор мүмкіндік беруде.