Лондонда сайлау қалай өтті

None
None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат - Лондондағы сайлау учаскесінде 411 сайлаушы дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігіне сілтеме жасап.

Елшілік жанындағы № 244 сайлау учаскесінде Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына дауыс беру Лондон уақытымен 07:00-ден 20:00-ге дейін өткізілді.

Өз елінің болашағын айқындауға ұмтыла отырып, ҚР азаматтары Лондонға Біріккен Корольдіктің түкпір-түкпірінен, яғни Эдинбург, Манчестер, Абердин, Глазго және басқа қалалардан жол жүріп келді.

Лондонда дауыс берген алғашқы сайлаушы Борнмут университетінің студенті Бекзат Ырза болды. Оған туған елінен әкелінген естелік кәдесыйлар табыс етілді.

«Бүгінгі сайлау еліміздің беделін, берекесін арттырады деп ойлаймын. Және осындай аса маңызды шарадан жастар тыс қалмауы керек деп, Лондонға арнайылап келдім», - деді Б.Ырза.

Лондондағы сайлау учаскесінде танымал ауыр атлет Илья Ильин де дауыс берді. Жақында ол Ковентри қаласында өткен ауыр атлетикадан «British International Open 2019» халықаралық турниріне қатысып, күміс жүлдеге ие болды.

Сайлау учаскесінің жұмысына «Еркіндік қанаты» қоғамдық қорының байқаушысы да қатысты. Байқаушыға сайлау учаскесінде болып, сайлау өткізу барысын кедергісіз бақылау мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Қоғамдық ұйымның өкілі жәшіктердің бүтіндігін тексеріп, бюллетеньдерді санаудан бастап, сайлау комиссиясының хаттамасын жасап, қол қойғанға дейінгі бүкіл сайлау процесін байқап отырды.

«Елшілік қызметкерлері ашық және әділ сайлау өткізуді, сайлау учаскесінің үздіксіз жұмыс істеуін, сондай-ақ ҚР азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерін жұмсады. Елшілік қонақтарды жылы қарсы алып, оларға бауырсақ, жент, ірімшік және құрт секілді ұлттық тағамдар мен отандық кондитерлердің өнімдерін ұсынды», делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар