Лондонда Ұлыбритания мен Украина арасындағы келіссөздер қалай өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Сәрсенбіде Лондонда Украина, АҚШ және Еуропа делегацияларының қатысуымен келіссөздер өтті, онда АҚШ-тың бейбіт реттеу жөніндегі ұсыныстары талқыланды. Бұл туралы BBC хабарлады.

Лондондағы кездесудің мәртебесі айтарлықтай төмендеді, себебі оған АҚШ Мемлекеттік департаментінің басшысы Марко Рубио келмеді.
Украина президенті Зеленскийдің кеңсесінің басшысы Андрей Ермактың айтуынша, Ұлыбританияның, Францияның және Германияның ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат бойынша кеңесшілерімен Лондондағы кездесуде Украинадан оның өзі, сыртқы істер министрі Андрей Сибига және қорғаныс министрі Рустем Умеров қатысты.
Ұлыбританиядан премьер-министрдің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джонатан Пауэлл, Франциядан президенттің дипломатиялық кеңесшісі Эммануэль Бонн, Германиядан канцлердің сыртқы саясат және қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Йенс Плэтнер қатысты.
Кездесу Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Лэммидің шақыруымен Ұлыбританияның сыртқы істер министрлігінің ресми резиденциясында өтті.
— Бұл екінші кездесу болды, алдыңғысы Парижде өтті. Бүгін біз Украинада әділ және тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу үшін терең диалогты жалғастырдық. Біз АҚШ президенті Дональд Трамптың бейбітшілікке деген күш-жігерін қолдайтынымызды атап өттік. Біз серіктестерге тұрақты қолдауы үшін және соғысты тезірек тоқтату үшін бірлескен ұмтылыстары үшін алғысымызды білдіреміз… Алдағы уақытта тұрақты консультациялар өткізу туралы келістік — басты мақсатқа жету үшін: Украина үшін әділ бейбітшілік, — деп жазды Ермак Telegram арнасында.
Бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп жексенбіде Ресей мен Украина осы аптада «бейбіт келісімге қол жеткізуі мүмкін» деп мәлімдеген болатын.