Лондонда ұсталған қазақстандық спортшы Азамат Теңізбаевтың мәселесі ҚР СІМ бақылауында
АСТАНА. 2 тамыз. ҚазАқпарат - Лондонның Хитроу әуежайында ұсталған қазақстандық спортшымен болған оқиғаның мән-жайын «ҚазАқпарат» тілшісіне ҚР СІМ баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов тарқатты.
«Өздеріңіз білетіндей, ағымдағы жылғы 24 шілдеде Қазақстан азаматы Азамат Теңізбаев Хитроу әуежайында ұсталды. Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің қызметкерлері 26 шілдеде спортшыға жәрдемдесу және жалпы жағдайды анықтау мақсатында онымен кездесу өткізді. Кездесу барысында А.Теңізбаев ешқандай шағым айтқан жоқ. Елшілік онымен ұдайы байланыста. Елшілік қызметкерлерімен кезекті кездесу 5 тамызға белгіленді.
Аталған мәселе ҚР СІМ бақылауында. Бұған қатысты ақпараттардың түсу шамасына қарай сіздерге қосымша хабарлайтын боламыз», - деді сыртқы саяси ведомствоның баспасөз хатшысы.
Ол ҚР Ұлыбританиядағы елшілігі Қазақстан азаматының құқығы мен мүддесін қорғайтын белгілі «Мартин Мюррей» компаниясының қорғаушысымен бірлесе жұмыс жасап жатқанын жеткізді.