Лондонда желаяқтар марафоны кезінде бір әйел қайтыс болды
АСТАНА. 25 сәуір. ҚазАқпарат - Ұлыбританияда ұйымдастырылған желаяқтар жарысы кезінде Лестесшир ауданының 30 жастағы тұрғыны қайтыс болды.
Марафонға қатысқан Клэр Скуайэрс мәреге жетіп қалған шағында, яғни Букингем сарайының маңындағы саябақта аяқ астынан есінен танып құлаған. Оған дереу медициналық көмек көрсетілгенімен, мамандар оның өмірін арашалап қала алмады, деп жазады Baq.kz.
«Интерфакс-Қазақстан» агенттігінің хабарлауынша, бұл - марафон ұйымдастырылып келе жатқан 1981 жылдан бері тіркеліп отырған оныншы қайғылы оқиға. Бұған дейін де тіркелген оқыс жағдайлардың орын алуына көбіне жарысқа қатысушылардың жүректерінің сыр беруі себеп болған. Лондон көшелері бойынша жүгіріп өту көзделген бұл жолғы марафонға 37 мыңнан аса адам қатысқан. Қатысушылардың ішіндегі ең қарт адамның жасы 101-де.
Айта кетейік, Лондон марафоны жылда көктемде ұйымдастырылады. Және жарыстың әлем бойынша беделі зор әрі оған қатысушылар саны да азайған емес. Алғашқы марафон 1981 жылы Олимпиада жүлдегерлері Крис Брашер және Джон Дислидің бастамасымен ұйымдастырылған болатын.