11:36, 03 Қаңтар 2016 | GMT +5
Лондонда жол ақы төлеу жүйесі істен шығуына байланысты жолаушылар 100 мың рет тегін жүрген
АСТАНА. ҚазАқпарат - Компьютерлік ақау салдарынан сенбі күні мыңдаған адам Лондонның қоғамдық көлігінде тегін жүрді, деп жазады ВВС агенттігі.

Белгісіз себептермен метро стансаларындағы және автобустардағы терминалдар жолда жүру карталарынан ақпаратты дұрыс қабылдамаған. Осылайша, оларды сөндіруге тура келді, ал жолаушылар алты сағаттай метро және автобустармен тегін жүрді.
Лондон Көлік жүйесінің бағалауынша, таңғы сағат 4-тен 10-ға дейін шамамен 100 мың тегін жүру тіркелді. Шығын шамамен 250 мың фунтқа жеткен. Қазір техникалық ақау жойылды, жолаушылар жолақыларын төлеп жатыр.
Ауытқу жүйенің жаңа тарифтерге көшуіне байланысты болған. 2 қаңтардан Лондондағы қалалық көлікте жүру құны орташа алғанда 1,1% өсті.
БАҚ-та бұл соңғы 10 жылда болып тұрған бірінші олқылық екені хабарланды.