Лондондағы Әл-Рахма атындағы Ислам орталығы мен мешіт өртенді
АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - Ұлыбританияның Лондон қаласындағы Әл-Рахма атындағы Ислам орталығы мен мешіт өртенді.
Скотланд-Ярдың лаңкестікке қарсы қызметі аталған оқиғаға Исламға қарсы топтың қатысы бар деп отыр.
«The Daily Telegraph» агенттігі хабарлағандай, Сомали мұсылмандарының диаспорасы жиналған Ислам орталығында мешіт те болған. Өрт оқиғасынан кейін оның қабырғасында «EDL» деген жазудың болғаны анықталды. English Defence League («EDL») - бұл Исламға қарсы ультраоңшыл топтың белгісі. Осы орайда мұсылман ұйымдары өкілдерінің мәлімдеуінше, Ли Ригби есімді сарбаздың өлімінен кейін Ұлыбританияда Исламға қарсы әрекеттер көбейді. Сомали диаспорасының жетекшісі Мохаммед Эльмидің сөзіне қарағанда, оның отандастары көшеге шығуға да қорқады. Ал әйелдер хиджаб киюге үрейленеді.
«Faith Matters» ұйымының мәліметі бойынша соңғы екі аптаның ішінде мұсылмандарға қарсы 222 оқиға тіркелді. Оның ішінде Гримсби қаласындағы Ислам мәдени орталығын өрттеу әрекеті де бар.