Лондондағы Наурыз тойында қазақтың жыр-термелері орындалады

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі Англия астанасы - Лондон қаласында өтетін Наурыз тойына қатысатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Лондондағы Наурыз тойында қазақтың жыр-термелері орындалады

Мерекелік шара «Victoria Embankment Gardens» саябағында өтеді. Сыр өңірінің өнер ұжымы тұманды Альбион төрінде түрлі жанрдағы музыкалық шығармаларды тарту етпек. Өнерпаздар Дәулеткерейдің «Көрұғлы», Ықыластың «Жезкиік» секілді күйлерін ел назарына ұсынады. Сондай-ақ олар әлемдік классикалық туындыларды орындап, жеке өнерпаздар жыр-термелер ұсынады.

«Ансамбль репертуарында 100-ден астам қазақ күйлері мен заманауи өңделген музыкалық шығармалар бар. Өнер ұжымы 12 адамнан тұрады. Олар халықаралық, республикалық байқаулар мен фестивальдардың жеңімпаздары. Ансамбль 2009 жылы облыстық филармония жанынан құрылды. Содан бері Сыр бойының төлтума өнерін, қазақ ұлттық фольклорын насихаттап келеміз. Лондон төрінде ұлттық өнерімізді жоғары деңгейде көрсетуге күш саламыз», дейді облыстық филармония директоры Талғат Мақашев.

Айта кету керек, кейінгі кезеңде облыс басшылығының қолдауымен ансамбль Ресей, Түркия және Өзбекстан елдерінде гастрольдік сапармен болып қайтты.

Әділет Қаңтарбайұлы