Лондондық «Арсенал» 20 жылдан кейін Чемпиондар лигасының финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Лондондық «Арсенал» футбол клубы араға жиырма жыл салып UEFA Чемпиондар лигасының финалына жолдама алды, деп хабарлайды БЕЛТА.

Лондондық «Арсенал» 20 жылдан кейін Чемпиондар лигасының финалына шықты
Фото: Global Look Press

Жартылай финалдың жауапты кездесуінде Англия астанасында алаң иелері мадридтік «Атлетико Мадрид» командасын 1:0 есебімен жеңді. Бірінші таймда аздаған басымдыққа ие болған лондондықтар үзіліс алдында оны голға айналдыра алды – команда капитаны Букайо Сака мергендік танытты. Екінші таймда қонақтар жиі шабуылдағанымен, есепті теңестіре алмады.

Өткен аптада Мадридте өткен алғашқы матч 1:1 есебімен аяқталған еді. Ол кезде қос команда пенальтиден гол алмасқан. «Арсенал» биылғы Чемпиондар лигасында әлі жеңіліс таппаған жалғыз клуб болып отыр. 14 матчта олар 11 жеңіске жетіп, 3 рет тең түсті.

Лондондық клуб үшін алдағы финал тарихындағы екінші финал болмақ. Бұған дейін 2006 жылы Парижде өткен шешуші кездесуде ағылшындар «Барселонадан» 1:2 есебімен жеңілген.

6 мамыр, сәрсенбі күні қазіргі чемпион «Пари Сен-Жермен» Мюнхенде «Бавариямен» кездеседі. Бір апта бұрын Парижде өткен ойында француз клубы Германия чемпионын 5:4 есебімен ұтқан.

Бұл кездесуде «Баварияның» шабуылшысы Харри Кейн осы маусымдағы Чемпиондар лигасындағы 13-голын соқты. Ол мергендер жарысында тек мадридтік «Реалдың» ойыншысы Килиан Мбаппеге ғана жол береді – француз шабуылшысы 15 рет көзге түскен.

Еуропаның басты клубтық турнирінің 71-маусымындағы финалдық ойын 30 мамыр күні Будапешт қаласында өтеді.

Еске сала кетсек, кеше Чемпиондар лигасында қарымта ойындар басталатынын хабарладық.