Лондондық стрит-арт суретші Алматыдағы үйлерге сурет салып жүр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қала әкімдігінің қолдауымен «Мural Fest» халықаралық монументалды декоративті жазу фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Лондондық стрит-арт суретші Алматыдағы үйлерге сурет салып жүр

Құрманғазы мен Пушкин көшелерінің қиылысындағы үйдің қабырғасын белгілі лондондық стрит-арт суретші Jay Fanakapan әрлеп шықты.

«Мен Алматыға алғаш рет келіп отырмын. Мұнда мен ойлағаннан да қызықты екен. Алматының таулары мен жайдары адамдары көңілімнен шықты. Мен әдетте біртекті, тек сұр әрі алтын реңктермен ғана жұмыс істейтінмін. Бірақ Алматының көгілдір аспаны мен жасыл желегін жеткізу үшін көп түстерді пайдалануға тура келді. QZ әріптері - Қазақстанның болашақтағы дәуірін суреттейді», - деді суретші.

Jay Fanakapanның айтуынша, ол өмірінде бірінші рет өте үлкен әріп жазып жатыр екен.

«Тіпті Дубайдың аспанмен астасқан ғимараттарының өзінде мен мұндай көлемде бейне салған жоқпын. Мені қазір кириллица әліпбиі қызықтырып отыр. Болашақта осы бағытта жұмыс жасауым мүмкін», - деді «Mural Fest» фестиалінің қатысушысы.

Айта кету керек, көркем графика сайысы былтырдан бері жалғасып келеді.
Биыл үйлердің қасбетін Ұлыбританиядан, Украинадан, Ресейден, Қырғызстаннан келген суретшілер мен 1 қазақстандық суретші әрлейтін болады.

Осының арқасында қаладағы көптеген үйлерде жаңа бейнелер пайда болады. Ал Наурызбай ауданында арнайы қабырғаға сурет салынады.

Уақыттың тығыздығына байланысты суретшілер 12 сағат бойы талмастан жұмыс жасап жатыр.

Алатау ауданында «Алматы арена» ғимаратынан төменіректе ресейлік суретші Георгий Куринов бір үйдің қабырғасына сурет салып жатыр. Оның жұмыстарын Краснодар, Ростов, Ставрополь, Екатеринбург, Қазан, Мурманск мен Еуропаның бірқатар қалаларынан көруге болады.

Алматыдағы 5 қабатты үйдің қабырғасында ол ЭКСПО тақырыбына келетін болашақтағы табиғи жылу энергиясымен жылытылатын үйдің суретін салған.

Украиналық Андрей Поливаль Бостандық ауданындағы үйлердің бірінде қазақтың құсбегілік өнерін бейнелемекші.
Қазақстандық суретші Әли Зәкір Әуезов өз өнерінде Арал теңізінің проблемасын көтермек.

«Менің жұмысым тек Арал теңізінің экологиялық ахуалы туралы ғана емес, өмірдің өтпелілігі туралы да. Бұрынғы заттардың орнына жаңасы келеді. Өткеннің естеліктерімен не істеуге болады деген ойда қалдым», - деді Әли Зәкір.

Түрксіб ауданындағы үйлерді Қырғызстаннан келген суретшілер әрлеп жатыр.

Фестивальді ұйымдастырушы «Балалар әлемнің суретін салады» қорының қолдауымен стрит-арт қозғалысы келесі жылы Талдықорған, Шымкент және Павлодар қалаларында жалғасады.