Лондонның Экономика және саяси ғылымдар мектебінде қазақстандық студенттер Елбасының Жолдауын талқылады
СТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат - Кеше, наурыздың 18-і күні Ұлыбританияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі - Лондонның Экономика және саяси ғылымдар мектебінде қазақстандық студенттер Елбасының «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын талқылады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кездесуді Ұлыбританияда оқып жатқан қазақстандық жастарды біріктіріп отырған KazSociety Қоғамы мен ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиаттары ұйымдастырды.
Кездесуге қатысқандарҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына үстіміздегі жылы арнаған Жолдауыментанысып,оның іске асу жолдары мен механизмдері турасында пікірталастырды.
Іс-шара модераторы, Лондон Университеттік колледжінің магистранты, Зейнолла Қалымбетовтың айтуынша, студенттер өз Отанының болашағы үшін жауапкершілікті терең сезінетінін және Президент Жолдауында қойылған міндеттерді шешуге өз үлестерін қосуға дайын екендігін анық аңғартты.
Кездесу нәтижесінде қатысушылар алдағы онжылдықта Қазақстанның экономикалық дамуына бағытталған стратегиялық міндеттерді іске асыру бойынша өз ұсыныстарын жинақтап, «Болашақ» қауымдастығының Сараптамалық кеңесіне жолдады.
Шара шеңберінде, сондай-ақ еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында қазақстандық жастардың зияткерлік әлеуеті мен тәжірибесін біріктіруге бағытталған - «Болашақ» түлектері қауымдастығының қызметі таныстырылды. «Болашақ» қауымдастығы осындай нәтижелі кездесулерді алда да ұйымдастырып тұрмақ. Келесі пікірталас Қазақстанның Кедендік одаққа қатысуы және жаһандық ықпалдасу мәселелеріне арналады.