Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Лос-Анджелес олимпиадасы: ойындарға билетті қалай сатып алуға болады

АСТАНА. KAZINFORM — Лос-Анджелесте өтетін 2028 жылғы жазғы Олимпиада ойындарының басталуына екі жылға жетер-жетпес уақыт қалды. Дегенмен жанкүйерлер жарыс билеттерін қазірдің өзінде Olympic Hospitality пакеттері арқылы сатып ала алады, деп хабарлайды ҰОК баспасөз қызметі.

Лос-Анджелес олимпиадасы: ойындарға билетті қалай сатып алуға болады
Фото: ҰОК

Кейінірек билеттерді ресми қайта сату платформасы арқылы рәсімдеуге мүмкіндік беріледі.

Билеттердің ресми сатылымы

2027 жылы ұйымдастырушылар Лос-Анджелес Олимпиадасының билеттерін ресми сатылымға шығарады. Сатылымның нақты басталу күні, сатып алу тәртібі және қолжетімді жарыс сессалары туралы ақпарат Олимпиаданың ресми ресурстарында жарияланады.

Сол жылы AXS, Eventim, Ticketmaster және Sports Illustrated Tickets платформалары негізінде билеттерді ресми қайта сату қызметі іске қосылады. Оның көмегімен жанкүйерлер пайдаланылмаған билеттерді өзге иелерінен қауіпсіз түрде сатып алып, алаяқтық қаупінен сақтана алады.

Olympic Hospitality

Қазірдің өзінде жанкүйерлер арнайы Olympic Hospitality бағдарламасы арқылы қызмет көрсету пакеттеріне тапсырыс бере алады. Бронь тапсырыс рәсімделген бойда расталады.

Бұл пакеттер жарысқа кіру билетімен қатар бірқатар қосымша қызметті қамтиды. Атап айтқанда, көрінісі қолайлы орындар, эксклюзивті лаундждар мен жеке ложаларға кіру мүмкіндігі, мейрамхана қызметі, сусындар, ойын-сауық бағдарламалары, сондай-ақ, қажет болған жағдайда қонақүйге орналастыру нұсқалары ұсынылады. Ұсыныстармен танысып, бронь жасау үшін hospitality.la28.org ресми порталына кіруге болады.

Бағасы мен шектеулер

Ұйымдастыру комитеті билет бағасының қолжетімді деңгейде сақталатынын мәлімдеді. Ең арзан билеттердің құны 28 АҚШ долларынан басталады. Билеттердің шамамен жартысы 200 доллардан төмен, ал 75 пайыздан астамы 400 доллардан төмен бағамен ұсынылады. Ал ашылу және жабылу салтанаттарына арналған ең қымбат билеттер премиум санатына жатады.

Сатып алушылар үшін бірқатар шектеу де қарастырылған. Бір адам ең көп дегенде 12 билетке дейін сатып ала алады. Оның ішінде ашылу және жабылу салтанаттарына жалпы лимит аясында төрт билеттен артық рәсімдеуге болмайды. Билет платформаларында 18 жасқа толған азаматтар ғана тіркеле алады. Сонымен қатар жасына қарамастан, оның ішінде кішкентай балалар да әрбір жарысқа жеке билетпен кіруі тиіс.

Еске сала кетейік, 2028 жылғы жазғы Олимпиада ойындары 14-30 шілде аралығында Лос-Анджелесте өтеді.

Бұған дейін Лос-Анджелес-2028 Олимпиадасына волонтер қабылдау басталғанын жаздық.