Лос-Анджелесте «Оскар» сыйлығын тапсыру рәсімі басталды

Ирандық «Ажырасу» фильмі «Ең үздік шетел фильмі» аталымы бойынша «Оскарды» иеленді. Ираннан шыққан картина үздік шетелдік фильм ретінде алғаш рет танылды.
39 жастағы американдық әртіс Октавия Спенсер, 60-жылдары америкалық бай отбасыларда жұмыс істейтін афроамерикандықтардың өмірі туралы түсірілген «Қызметші» фильміндегі жұмысы үшін «Екінші пландағы ең үздік әйел рөлі» аталымы бойынша «Оскарға» ие болды. Октавия Спенсер «Оскар» сыйлығына алғаш рет ұсынылды.
Дәстүр бойынша Лос-Анджелестің «Кодак» театрында өтіп жатқан «Оскар» сыйлығының 84-інші рәсімін күлдіргі әртіс Билли Кристал жүргізуде.
Сыншылардың пікірінше, режиссер Мишель Хазанавичустің француздық түссіз әрі дыбыссыз «Әртіс» киносы «Ең үздік фильм» аталымының жеңімпазы. Айта кетейік, аталмыш картина бірнеше күн бұрын «Сезардың» 6 сыйлығын алған болатын.
10 санат бойынша «Оскарға» үміткер «Әртіс» фильмінің басты қарсыласы - сыйлыққа 10 санат бойынша ұсынылған - Мартин Скорсезенің «Уақыт сақтаушысы» фильмі болып отыр.
«Әртіс» фильмі алғашқы «Оскарын» «Ең үздік костюм дизайны» аталымы бойынша алды.
Сондай-ақ «Оскар» сыйлығы үздік грим үшін «Темір леди» картинасына берілді.
2011 жылдың «Ең үздік фильмі» аталымы бойынша «Оскар» сыйлығына үміткер 9 туындының арасында «Уақыт сақтаушысы» мен «Әртіс» фильмдерінен өзге - «Ұрпақтар», «Өте қатты және мүлдем жақын дауыс», «Қызметші», «Париждегі түн», «Бәрін өзгерткен адам», «Өмір ағашы», «Әскери ат» фильмдері бар.