Лос-Анджелесте жазғы арнайы Олимпиада ойындарына қатысушы қазақстандық атлетшілердің құрметіне қабылдау өтті (ФОТО)

Ноблс жанұясының жекеменшік автокөлік мұражайының ғимараты Феррари маркалы көліктің 100-ден аса түрін қамтып қана қоймай, Қазақстан рәміздерімен әдемі безендіріле отырып, отандық спортшыларымызға тамаша көңіл-күй сыйлай білді. Мерекелік іс-шараға қазақстандық делегациядан басқа Калифорния штатының іскерлік ортасы, америкалық БАҚ өкілдері мен қазақстандық диаспора, сондай-ақ АҚШ Конгресіндегі Өкілдер палатасының Халықаралық істер комитетінің Ресей және Евразия жөніндегі кіші комитетінің төрайымы Дана Рорабакер қатысты.
ҚР АҚШ-тағы Елшісі Қайрат Омаров арнайы Олимпиада ойындарына келген Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелерін жылы қарсы алып, байрақты бәсекеге қатысушылардың нағыз ерлік пен қайсарлықтың өнегесі екенін атап өтті. Қазақстандық қозғалыс 25 жылдың жүзінде айтарлықтай табыстарға қол жеткізе отырып, өзін халықаралық аренада барынша таныта білгендігін жеткізді. Осылайша ол спортшыларымыға алдағы сында жеңіс төрінен табылуға тілектестік білдірді.
Шараның қосымша ұйытқысы болған Энтони Ноблс саңлақтарымыз бен қозғалыс жетекшілерін айтулы мерейтоймен құттықтап, қазақстандық тараптың мұндай халықаралық деңгейдегі бәсекеге қатысуының маңызын жоғары бағалады. Ол атлетшілерімізге табыс және алтын медальдарға ие болуын тіледі.
Special Olympics Kazakhstan қозғалысының төрайымы О. Бахарева тамаша қабылдау үшін ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, намысты додада ұлттық құрама алдында ең кемі 10 алтын медаль еншілеу мақсаты тұрғанын жеткізді.
Конгресмен Д. Рорабакер Қазақстан құрамасының әрбір мүшесіне арнап жеңіс пен жетістіктер тілеген құттықтау хаттарын табыстады.
Арнайы Олимпиада ойындары 1962 жылы Юнис Кеннеди Шрайвердің бастамасымен АҚШ жерінде дүниеге келген. Бүгінде ол ақыл-ой мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ірі спорттық ұйым саналады. Лос-Анджелесте өтетін биылғы жазғы арнайы Олимпиада ойындарына әлемнің 160-тан астам елінен спортшылар бақ сынамақ. Оның ашылу салтанатына АҚШ-тың Бірінші ханымы Мишель Обама қатысады. Ал құрамында 21 мың атлетші бар Special Olympics Kazakhstan қозғалысы елімізде 1990 жылдан бері жұмыс жасап келеді.