Лос-Анджелестегі бульварға Барак Обаманың есімі берілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Лос-Анджелестегі 6,4 км (4 мили) созылған бульвар АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың құрметіне аталатын болды, деп жазады CNN.

 Лос-Анджелестегі бульварға  Барак Обаманың есімі берілді

Лос-Анджелестің картасында Барак Обама атындағы бульвар пайда болды. Мегаполистің оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан көше Родео-роуд деп аталған еді. Бульвардың салтанатты ашылуына Лос-Анджелестің мэрі Эрик Гарсетти қатысты.

Бұл көшеге Барак Обаманың аты бекер таңдалмаған. Қала билігінің айтуынша, Барак Обама өзінің алғашқы сайлауалды кампаниясын 2007 жылдың 20 ақпанына дәл осы Родео-роуд маңындағы саябақта өткізген.

«Родео Роуд енді ресми түрде Барак Обама деп аталады. Осы көшеге келген әрбір ұрпақ біздің еліміздің алғашқы қара нәсілді президентінің есімін көре алады», - деп жазылған қалалық кеңестің Twitter парақшасында.

Айта кетейік, Лос-Анджелесте көше аты бұрынғы президент есімімен алғаш рет аталып жатқан жоқ. Қалада Вашингтон, Джефферсон, Адамс бульварлары да бар. Ал бұл көшеге Барак Обаманың есімін беру 2017 жылы ұсынылған болатын. Ал нақты келісім былтыр тамыз айында қабылданды.