Лотерея ойындарынан түскен қаражат бұқаралық спортты дамытуға бағытталатын болады

АСТАНА. 28 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінде «Лотереялар және лотереялар қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының таныстырылымы болып өтті.

Лотерея ойындарынан түскен қаражат бұқаралық спортты дамытуға бағытталатын болады

Заң жобасы лотерея қызметтерін ұйымдастыру мен өткізуге қойылатын құқықтық-экономикалық және әлеуметтік, уақыт талаптарына сәйкестік талаптарын анықтау, сондай-ақ нарық субъектілеріне тең талаптар құру мақсатында әзірленген. «Құжат арқылы лотерея қызметіне Үкіметтің құзыреті мен уәкілетті органды белгілеу көзделеді. Лотерея бір сәттік, тираждық және бинго деп бөлінетін болады. Заң жобасындағы маңызды элементтердің бірі лотерея қызметін жүзеге асырудың әлеуметтік бағдарын айқындауға арналады. Бұл үшін ұлттық лотерея операторы енгізіледі. Сонымен қатар, лотерея қызметінен түскен табыс еліміздегі бұқаралық спортты, оның ішінде балалар спортын дамытуға, өңірлерде спорттық инфрақұрылымдарды дамытуға бағытталады», - деді Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапанов.

Оның айтуынша, заң жобасы арқылы ұсынылып отырған тетіктер еліміздегі лотереяға қатысатын азаматтар қатарының ынтасын арттыра түседі.

Еске сала кетейік, заң жобасы Парламенттің бұған дейінгі сессиясына түсіп, кейіннен Мәжіліс оны Үкіметке қайтарған еді.