Лотереяны заңсыз ұйымдастырғандарға қатаң шаралар қолданылмақ

Бұл туралы бүгін заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы барысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қылмыстық кодекске лотерея қызметін заңсыз ұйымдастырғаны үшін жауапкершілікті енгізу ұсынылып отыр. 2016 жылдың қарашасынан бастап лотерея операторы болып табылмайтындарға лотереялық қызметті іске асыруға тыйым салынды. Қазіргі уақытта лотерея операторы анықталды, алайда кейбір алақол кәсіпкерлер осы қызметтерін әлі де доғармай жатыр», - деп тоқталды жауапты хатшы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасын қарастыру барысында.
Осы орайда ол адамдар көптеп жиналатын жерлерде лотерея терминалдары бұрынғысынша орналастырылып жатқандығын сөз етті.
«Олар шын мәнінде ойын автоматтары болып табылады, себебі онда құмар ойындарына тән алгоритм байқалады. Бірақ тәжірибе жүзінде органдармен жүргізілген тиісті сараптама терминалдардың ойын автоматтарымен ұқсастығын растамайды. Бұл өз кезегінде алақол адамдарға жауапкершіліктен жалтаруға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді Уәлиев.