LRT игілігін елордалықтар қашан көреді – Астана әкімінің сұхбаты

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығы қашан жойылмақ? Тұрғын үй құрылысы саласында қандай тың тетіктер енгізілді? LRT игілігін елордалықтар қашан көреді? «Jibek joly» телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасына сұхбат берген Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек осы сауалдарға тұшымды жауап берді.

Жеңіс Қасымбекпен сұхбат
Фото: Jibek joly телеарнасынан

Елордада жылына 35 мыңға дейін сәби дүниеге келеді

- Қала күнде өзгеріп жатыр. Ең басты мәселе – бұл қалада тұратын тұрғындардың саны. Күнде өсіп жатыр. Мысалы, былтырмен салыстырғанда биыл 1,5 млн адам елордада тұратындығы жайлы ресми ақпарат шықты. 1,5 млн адам – бұл ресми тіркеліп, қалада тұратындар. Ал күнделікті миграцияны санасақ, қосымша 200 мың адам бар. Содан кейін құрылыс қызатын жаз мезгілінде тіркелмей жұмыс істейтін азаматтарды санағанда қалада 1 млн 700 мың, 1 млн 800 мың адамға жетеді. Бұл қала алдына ерекше талаптарды қояды, - деді сұхбат барысында қала басшысы.

Оның атап өтуінше, осы жылдың басында Астананың 2035 жылға дейінгі бас жоспары әзірленді. Бұл құжат алдағы 10 жылдың ішінде елорда тұрғындары қосымша 1 млн адамға артатындығы ескеріле отырып әзірленген. Межелі жылда елордалықтардың саны 2,5 млн адамға жетпек. Мұнан бөлек, «Астананың мәртебесі туралы» заң жобасы Парламент қарауында жатыр. Жоспар бойынша жыл соңына дейін Парламенттен шығып, Президент Әкімшілігіне баруы тиіс.

«Бүгінде елордада 50 мыңға жуық отбасы пәтер кезегінде тұр. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектер, зейнетке шыққан адамдар бар. Осы мәселені шешу үшін «Отбасы» банкпен жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы банкпен аталған санаттағы адамдарға көмек көрсетуге мүмкіндік ашылды», - деді ол.

Мектептегі орын тапшылығы қашан шешіледі

Оның атап өтуінше, дүниеге келетін балалардың да саны өсіп келеді. Жыл сайын елордада 30-35 мың бала дүние есігін ашады.

- Мәселен, биыл оқу жылының басында 1 сыныпқа баратын бала саны 28 мыңға жетті. Ал мектеп бітірген түлектер саны – 10 мың. Айырмашылығы – 18 мың бала. 18 мың оқушыға кем дегенде 10-15 жаңа мектеп керек. Мектеп салу бір проблема, ал педагогтерді дайындау келесі үлкен мәселе. Сондықтан осындай мәселелер күнделікті туындайды. Әлеуметтік инфрақұрылым, инженерлік инфрақұрылым бар. Қала өсіп жатыр, дамып келеді. Сол себепті проблемалар да өзгереді. Бір проблема шешілсе, басқа мәселе туындайды, - деді ол.

Қала басшысының дерегінше, биыл 15 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 8 мектеп оқушыларды қабылдайды. 24 мектептің 15-і – жайлы мектеп.

- Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» бағдарламасының арқасында 15 мектеп Үкімет көмегімен салынды. Жергілікті бюджеттен 4 мектеп, ал қалғаны – жекеменшік білім ордалары. Келесі жылы кемінде 15 мектеп саламыз деп жоспарлап отырмыз. Қайтарылған қаражат есебінен келесі жылдың соңына дейін жалпы 15 мектеп пайдалануға беріледі, - деді Астана әкімі.

Оның дерегінше, қалада 8 үш ауысымды, тіпті 5,5 мың бала оқитын мектептер бар. Биыл 5 мектептегі мәселе реттеліп, келесі жылы проблема толық шешіледі.

- Келесі жылы қалада үш ауысымды мектеп болмайды, уәде беремін, - деді Жеңіс Махмұдұлы.

Мектептерде педагог тапшы

Жеңіс Қасымбек мектеп проблемасымен қатар балаларға білім беретін педагогтер мәселесі де өткір тұрғанын жасырмайды. Мәселен, биыл пайдалануға берілгені бар, берілетіні бар 24 мектепке кемінде 3 мың педагог керек. Ал Астанада педагогтарды, әсіресе физика, математика сынды пән мұғалімдерін дайындайтын оқу орындары жоқ.

- Сондықтан Президент былтыр осы мәселені шешу үшін Үкіметке арнайы тапсырма берді. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Еуразия ұлттық университетімен бірлесіп, филалын ашты. Биылдан бастап 1 курсқа қабылдады. Сонымен қатар Педагогикалық университет ашылды. Астана әкімдігі жылына 1 мың грант береді. Бұл басқа өңірлермен салыстырғанда 5-6 есе көп. Бізде тапшылық бар. Басқа өңірлерден де жас педагогтерді тартып жатырмыз. Елордада педагог мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындарын ашуға еш шектеу жоқ. Өйткені, сұраныс бар. Елордадағы жоғары оқу орындарының да мұғалімдер дайындайтын факультеттер ашуына болады, - деді елорда әкімі.

Елордада мемлекеттік балабақшалар салынады

Астана басшысының айтуынша, биыл қалада 10 мемлекеттік балабақшаның құрылысы басталды. Оның үшеуі келесі жылдың 1-тоқсанында пайдалануға берілмек. Жалпы, 2017 жылдан бері алғаш рет жергілікті бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік балабақшалар салу қолға алынып отыр. Ал бұған дейін тек жекеменшік балабақшалар пайдалануға беріліп келген еді.

- Оларда балаға 1 айға төленетін сома әр отбасының бюджетіне ауыртпалық салып келді. Кемінде 50 мыңнан басталып, 150-200 мыңға дейін жетеді. Мұндай соманы кез келген отбасы көтере алмайды. Сондықтан әкімдік 250-300 балаға шақталған 10 балабақша құрылысын бастап отыр. Құрылыстары 1 жылдың ішінде бітеді. Одан кейін тағы 10 балабақша құрылысын бастау жоспарланған, - деді қала басшысы.

Құрылыс саласындағы өзгерістер

Жеңіс Қасымбектің мәліметінше, қалаға келетін инвестицияның жартысы құрылыс саласына тиесілі. Сондықтан бүгінде әзірленіп жатқан жаңа Құрылыс кодексі елорда үшін де аса маңызды құжат.

- Қазақстан бойынша жыл сайын 15 млн шаршы метр тұрғын үй салынса, оның кемінде 4 млн шарты метрі елордаға тиесілі. Мұнан бөлек, қалада жұмыс істейтін азаматтардың үштен бірінің құрылыс саласына қатысы бар», - деді ол.

Елорда әкімі тұрғын үйлерді рұқсатсыз және тиісті құжатсыз салу дұрыс еместігін айтады. Өйткені сапасына, үлескерлерге қатысты мәселелер туындайды. Нақты мысал, осыған дейін тұрғын үйге 100 пайыз қаражатын құйған үлескерлермен байланысты проблеманың екі толқыны орын алды.

- Ресми дерекке сәйкес, былтыр елордада 4 мыңнан астам үлескер болды. Осы айдың ортасында олардың соңғыларына пәтерлерінің кілтін табыстаймыз деп жоспарлап отырмыз», - деді ол.

Оның айтуынша, былтыр елордаға қатысты бірқатар құжат қабылданды. Мәселен, қазіргі уақытта қаланың жасыл жарғысы бар. Аталған құжатқа сәйкес, құрылысшылар дендрожоспарды әкімдікпен келіседі және одан ауытқымай үйді тапсырады. Дендрожоспарда қандай тал егетіндігі, міндетті түрде 3 жыл күтіп ұстауы көрсетілген. Егер тал бір жылдан кейін қурап қалса, орнасына басқа тал егуге міндетті.

- Үш жылдан кейін мүлік иелері бірлестігіне немесе ауданға тапсырады. Өткен жылы көп құрылыс компаниясы мұнымен келіспеген. Сонымен қатар паркингсіз бірде-бір жобаны қабылдамаймыз. Қандай санатта болса да міндетті түрде паркингі болуы шарт. Үйдің астында болмаса, онда жанынан көпқабатты паркинг салады. Мұндай шарт орындалмаған үйлер қабылданбайды, - деді Жеңіс Қасымбек.

«Елорда құрылыс» компаниясы таратылады

- Кезінде арнайы құрылған «Елорда құрылыс» компаниясы бар. Келесі жылы біз ол компанияны таратамыз. Келесі жылдан бастап Үкімет бұл мәселелерге (үлескерлер мәселесі) жауапты болмайды. Өздері жауапты болады. Мәселен, мен құрылыс компаниясымын, сіз қаланың тұрғынсыз. Сіз менен пәтерді сатып аласыз. Ол екеуіміздің қарым-қатынасымыз. Келісімшарт бар. Сол келісімшарт бойынша құрылыс компаниясы сізге 2 жылдың ішінде пәтерді табыстауға міндетті. Ал сіз 2 жылдың ішінде ақшасын төлейсіз. Болды. Арасында мемлекет жоқ. Сондықтан болашақта мемлекет бұл мәселеге кіріспейді және ештеңе төлемейді, - деді елорда әкімі.

Осы орайда қала басшысы Президент тапсырмасымен мемлекет елордалық үлескерлердің 2 мәрте проблемаларын шешіп бергенін алға тартады.

- Енді халық оны түсінуі керек. Басқаша болмайды. Бірақ, бұл мәселені бақылауда ұстау үшін заңдарға көптеген өзгеріс енгізіліп жатыр. Құрылыс мәселесін реттейтін заңға, қаланың ерекше мәртебесі туралы заңға бірнеше өзгеріс енгізілуде. Бұл құрылыс саласын ерекше бақылауда ұстауға мүмкіндік береді, - деді Жеңіс Махмұдұлы.

LRT құрылысы қашан аяқталады

Оның атап өтуінше, LRT құрылысын 6-7 қытай компаниясынан жасақталған консорциум салып жатыр. Сонымен қатар Қазақстаннан да мердігер компаниялар бар. Биыл жобада 2,5 мың адам жұмыс істесе, келесі жылы олардың саны 4,5 мыңға жетеді. Оның үштен бірі – жергілікті азаматтар.

- Биыл эстакадасын толығымен бітірдік. Келесі жылы жазға дейін стансаларын бітіреміз. Премьер-министр 1 ай бұрын әуежайдағы 101-ші стансаны аралап көрді. Ол стансаның да құрылыс жұмыстары бітті. Жалпы, осы жылы үш стансаның құрылысын аяқтаймыз деп жоспарлаған едік. 18 станса жоспарланған. Оның бәрі келесі жылдың тамыз айына дейін дайын болады, - деді Астана әкімі.

Жеңіс Қасымбек құрылыс барысында туындайтын проблема да аз еместігін жасырмады.

«Мәселен, ауа райына байланысты қазір жұмысшылар үш айға кетіп жатыр. 3 ай тек стансалардың, депоның ішіндегі жұмыстар жүргізіледі. Интернетте, әлеуметтік желіде «жұмысшылар жоқ, құрылыс тоқтап қалды» деп жазып жатыр. Ол ауа райына байланысты жайт. 15 пойыз келеді, алғашқысы жазда жеткізіледі. Келесі жылы құрылыс толығымен аяқталады және іске қосу мен ретке келтіру жұмыстарын қарашада бастаймыз. Оған 3-4 ай керек болады. Бәрі дұрыс болса, жылдың соңына дейін дайын болады», - деді елорда басшысы.

Алдағы 2-3 жылдың ішінде қалада 13 мың жатақхана орнын ашу көзделген. Осы жылдың соңына дейін 4,5 мың орын пайдалануға беріледі. Жалпы, жатақхана орны елордадағы басты мәселелердің бірі емес.

Соңғы жаңалықтар