Лудомания белгілері алкоголизм мен нашақорлыққа ұқсас – психиатр
Лудомания – адам өмірін бұзатын ауыр психикалық дерт. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы психикалық денсаулық орталығының директоры Сапар Рахменшеев айтты, деп хабарлайды Kazinform.
Спикердің сөзінше, лудомандардың саны күн санап артып келеді.
Бұған пациенттердің өзінен және тәуелді адамдардың жақындарынан түскен өтініштер дәлел бола алады.
«Біздің орталықта тәулік бойы жұмыс істейтін 376 56 60 сенім телефоны бар. Бізде өткен жылмен салыстырғанда қоңыраулар саны 600-ге өсті. Олардың көбі лудоманияға қатысты. Адамдар осы тәуелділіктен қалай емделуге болатынын сұрайды», - дейді Сапар Рахменшеев.
Алматының бас психиатры лудомания әр адамда әртүрлі болуы мүмкін екенін атап өтті.
«Егер адамдар бұрын казиноға барып, бәс тігетін болса, қазір әлеуметтік желілерді дамытудың арқасында адам үйден немесе кеңседен шықпай ойнай алады. Тағы бір себеп – «оңай ақша» деп аталатын ақша табу жолы. Адам ойнау арқылы оңай ақша іздей бастайды. Сондай-ақ, депрессияға ұшыраған кезде, тәуелді адам қоғаммен байланысын жоғалтады, тұйықтала бастайды және тек ойынмен алданады. Тағы бір себеп – ересектер балалар сияқты әрекет етіп, жауапкершілікті алғысы келмей, жанжалдан қашуы»,-деді ол.
Айтуынша, лудомания белгілері алкоголизм мен нашақорлыққа ұқсас.
«Мысалы, лудоман ойнай бастағанда денеде адреналин мен дофамин бөлінеді, бұл эйфориялық күйге әкеледі. Ол үнемі осы күйде болғысы келеді және тәуелділікке кетеді. Лудомания - бұл адамның өмірін бұзатын ауыр, психикалық ауру. Адамдар көп нәрсені, жұмысты, отбасындағы, қоғамдағы орнын жоғалта бастайды», - деп толықтырды сарапшы.
Сонымен қатар, ол лудоманды қалай анықтауға болатынын тілге тиек етті.
«Лудоманды анықтау оңай. Адам өзгере бастайды, ашуланшақ болады. Құмар ойынға тәуелді адам жиі өтірік айтады, үйге ақша әкелуді тоқтатады. Егер аталған «белгілер» байқалса, сарапшы мамандардың көмегіне жүгіну керек. Бұл психологтар немесе психотерапевттер болуы мүмкін. Біздің орталықта стационарлық ем көрсетілген бөлім бар. Онда депрессияға ұшыраған, ұйқысы бұзылған науқастар жатады. Оларды емдеуде ұйқыны жақсартатын, депрессияны жеңілдететін дәрі-дәрмек қолданылады, біздің психотерапевттер олармен қатар жұмыс істейді. Біздің тәжірибемізде туыстары оларды жарнамаға сеніп, халық емшілеріне апарған науқастар кездесті. Нәтижесінде олар емделмейді, бірақ бізге күрделі түрде келеді. Сондықтан мен мамандарға жүгінуді ұсынамын», - деп атап өтті С. Рахменшеев.