Lufthansa және British Airways авиакомпаниялары Брюссельге рейстерін тоқтатты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Немістің Lufthansa авиакомпаниясы сейсенбідегі брюссельдік барлық рейстерін алып тастады, деп хабарлады РИА Новости агенттігіне компанияның баспасөз қызметінің өкілі Сандра Крафт.

Lufthansa және British Airways авиакомпаниялары Брюссельге рейстерін тоқтатты

«Бүгін Брюссельге және Брюссельден барлық рейстер тоқтатылды». - деді агенттік сұхбаттасушысы. Ол қанша рейс тоқтатылатынын нақтылап айта алмады.

«Одан кейінгі қадамдарға қатысты айтар болсақ, - біз жағдайды бақылауда ұстаймыз», - деп қосты Крафт.

Британдық British Airways авиакомпаниясы да Лондоннан Брюссельге төрт рейсті алып тастады, деп хабарланды авиакомпанияның сайтындағы ақпаратта.

Электронды таблода Хитроу әуежайынан ұшатын таңғы және күндізгі сағаттардағы рейстер алынып тасталған. Лондон уақытымен 6.45-тегі алғашқы рейс алынып тасталған.

Лондон уақытымен 18.30-дағы ұшатын кешкі рейс қазіргі кезде тоқтатылған жоқ.

Сейсенбі күні жергілікті уақытпен 08.00 шамасында Брюссель әуежайында екі жарылыс болды. Тағы екі жарылыс метроның Брюссельдің еуропалық орамындағы Мальбек және Шуман стансаларында болды. Лаңкестік актілер салдарынан жиырмадан астам адам қазаға ұшырады, отыздан астам адам жараланды.