Луиш Нани «Ақтөбеден» кететінін мәлімдеп, жанкүйерлерімен қоштасты
АСТАНА. KAZINFORM — Португалия құрамасы мен «Манчестер Юнайтед» клубының бұрынғы жұлдызы Луиш Нани «Ақтөбе» жанкүйерлерімен қоштасты.
39 жастағы футболшы Instagram желісіндегі парақшасында маусым аяқталғаннан кейін қазақстандық клубтан кететінін мәлімдеді.
— Бұл менің Ақтөбедегі соңғы үй матчым болды. Біздің бірге өткізген қызықты кезеңіміз аяқталуға жақын. Бірақ қандай керемет жолдан өттік! Осы тамаша клубтың барлық қызметкерлеріне, Ақтөбе қаласының тұрғындарына және бүкіл Қазақстан халқына алғысымды білдіремін. Мені жылы қабылдап, ұмытылмас сәттер сыйлағандарыңыз үшін рақмет! Чемпионатта әлі бір ойын қалды. Дегенмен осы кезеңнен алған әсерім мен жылы естеліктерім жүрегімде мәңгі сақталады, — деп жазды Нани.
Португалиялық жартылай қорғаушы «Ақтөбе» сапына 2026 жылдың қаңтарында қосылған болатын. Оның клубпен келісімшарты маусым соңына дейін есептелген.
Нани Қазақстан Премьер-лигасында 23 матч өткізіп, бір гол соқты және төрт нәтижелі пас берді. Ал Қазақстан кубогында екі кездесуге қатысып, екі мәрте мергендік танытты.
«Ақтөбе» КПЛ-2026 маусымындағы соңғы кездесуін Қостанайда жергілікті «Тобылға» қарсы өткізеді. Осы матчтан кейін португалиялық жұлдыздың қазақстандық клубтағы кезеңі аяқталады.