Лукашенко Санкт-Петербург саммитіне неге келмеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен Еуразиялық экономикалық одақтың бейресми саммитіне Беларусь президенті Александр Лукашенко келген жоқ.
None
None

Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметіне сенсек, Беларусь басшысының саммитке келмеуі одақтың жұмысына ешбір қатысы жоқ. Осы әрекетпен ол ресми Кремльге өз талаптарын орындатуды көздейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ресейлік «РБК» медиа холдингіне сілтеме жасап.

Ресми ақпаратқа сәйкес, Минскіден Лукашенконың саммитке келмеуіне қатысты түсініктеме келген жоқ. Беларусь президентінің баспасөз хатшысы да ештеңе айтпады. Ал Ресей басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың сөзіне қарағанда, беларус жағы Лукашенконың келмейтінін ескерткен. Дегенмен, саммитке ел президенті қатыса алмаса, премьер-министр, я болмаса, басқа бір уәкілетті тұлға келуі тиіс. Беларусь болса, ешкімді жібермеді.

«Саммитті ұйымдастыру жұмыстарына жақын жүрген дереккөздің мәліметіне сәйкес, Лукашенконың саммитке келмеуі Ресеймен арадағы проблемаларға байланысты. Бір жылдан бері Мәскеу мен Минск ресейлік газды Белоруссияға тасымалдау шарттары бойынша келісе алмай келеді. Бүгінде Белоруссияның «Газпром» алдындағы қарызы шамамен 425 млн. долларды («Коммерсанть» газетінің ақпараты бойынша) құрайды. Сондай-ақ беларус жағы газдың бағасын 1 мың куб метр үшін 132 доллардан 73 долларға дейін төмендетуді талап етіп отыр. Екі елдің президенттері мен премьер-министрлері аталған мәселені бірнеше рет талқылады. Соңғы рет Путин мен Лукашенко Мәскеуде қараша айында кездескен еді. Алайда бір келісімге келе алмады», - деп жазды РБК.

Бұдан бөлек, Белоруссия мен Ресей арасында санкциялық тауарларға қатысты пікірталас қыза түсті. РФ Ауыл шаруашылығы қадағалау қызметінің басшысы Сергей Данкверттің айтуынша, Украина арқылы келетін Еуропалық одақ елдерінің таурларына тыйым салу шараларын Белоруссия өз мүддесі үшін пайдаланып отыр.

Айта кетейік, Санкт-Петербург қаласында Еуразиялық экономикалық одақ пен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бейресми саммиттері өткен болатын. Бұған дейін президенттер аталған ұйымдардың барлық жиындарына толық құрамда жиналып тұрған. Алайда Беларусь президенті екі жиынға қатысқан жоқ. 2009 жылы ҰҚШҰ саммитіне келмегенде Лукашенко онымен «сүт соғысына» өз қарсылығын білдірген. Сол кезде Ресей сүт өнімдерін импорттауға тыйым салған болатын. Ал 2014 жылы Беларусь басшысы Ресей мұнай-газдың баж салығы бойынша жеңілдік жасамайынша Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімге қол қоймайтынын ескерткен. 

Соңғы жаңалықтар