21:25, 24 Наурыз 2014 | GMT +5
Лукашенко үкіметті отставкаға жіберу жайында ескерту жасады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Белоруссия Президенті Александр Лукашенко экономикалық проблемаларға байланысты ел үкіметін ауыстыру мүмкіндігін жоққа шығармай отыр.
Бұл туралы belnovosti хабарлады.
А. Лукашенко экономикадағы жағдайды өзгерту тұрғысында оң қадамдар жасалмаса, отставка жайында шенеуніктерді ескерткендігі туралы еске салып өтті. Әсіресе, бұл мәселе дайын өнімдерге жинақталып қалған қоймаларды босатуға байланысты болып отыр.
Сонымен қатар ол көршілес елдер нарықтары жайлы айта келе, «Еуропадағы ахуал да жақсы емес. Бұл біздің өнімнің нарықтары болғандықтан, олардың жағдайлары бізге де ықпал етеді»,-деді.
Алайда жаңа премьер-министрдің кандидатурасы бойынша Лукашенко әзірге нақты шешім шығармағанға ұқсайды. «Біздің елде көп болмаса да, премьер қызметін атқаруға қауқарлы адамдар бар»,-деп атап өтті ол.