ЛУКОЙЛ 2015 жылдың соңында мұнай бағасы 100 долларға дейін өсетініне сенімді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ЛУКОЙЛ вице-президенті Леонид Федун мұнай өндірісінің қысқаруы биылғы жылы оның бағасы өсуіне әкеледі деген болжам жасауда. Оның бағалауынша, 2015 жылдың соңына қарай мұнай бағасының баррелі 100 долларға жетеді, деп жазады РБК.
Федун өзінің 2015 жыл мұнай бағасы ұлғаюы жөніндегі болжамын Сауд Арабиясы мен ОПЕК арасындағы «баға соғысы» мұнай өндрудің қысқаруына әкеп соғады деген қисынға негіздейді. Ал бұл мұнай бағасының қайтадан өсуіне негіз болады.
«Қазір біз осылай боларын көріп отырмыз. Бұрғылау қондырғылары қысқаруда. Бұл, ең алдымен, сланец мұнайын өндіруге әсер етеді. АҚШ нарығындағы аздаған өсім өткен жылы бұрғыланған ұңғылар жұмысымен бйланысты. Ал үшінші тоқсанға қарай АҚШ-та бұрғылау мен өндіру қысқара түсетінін көретін боламыз», - деді ЛУКОЙЛ-дің стратегиялық даму жөніндегі вице-президенті сейсенбі күні 2014 жылдың қаржылық қорытындылары бойынша телефон арқылы жүргізілген конференцияда.
«Бүгінде біз ұңғылардың бүкіл әлемде, соның ішінде Батыс Африкада, Солтүстік теңізде қысқара түскенін көріп отырмыз. Ресейлік мұнай компаниялары да бұрғылау көлемін қысқартуда. Жылдың аяғында мұнай бағасының баррелі 100 долларға жетіп жатса, оған таңғалуға болмайды», - деп қосты Федун.
Оның пікірнше, баға соғысының міндеті мұнай бағасын төмендету емес, нарықтың құбылуын азайту. Ол көп кешікпей нарық теңдестірілетінін айтты. Мұнай нарығындағы құбылулар жалғаса түскенмен, оның пікірінше, бағаның өзгергіштігі жасанды түрде қолдан көтермеленіп отыр.
Оның бағалауынша, Ресейде мұнай өндіру 20 млн. тоннаға азаяды. «Барлық ресейлік компаниялар биылғы жылға күрделі шығындарын қысқартты, ал екінші жартыжылдықтан бастап, РФ-да бұрғылаушылар бригадалары да қысқарады, бұл Ресейде өндіру көлемінің 5 млн. тоннадан 20 млн. тоннаға дейін қысқаруына әкеп соғады», - деді ЛУКОЙЛ вице-президенті.
Қаңтар айында «ЛУКОЙЛ» ААҚ президенті Вагит Алекперов РБК-ға сұхбат беріп, Ресейде мұнай өндірудің төмендеу себептерін айтты. Оның пікірінше, оның құлдырауына санкциялар, қаржы нарығындағы жағдай ғана емес, қорлар құрылысы ықпал ететін болады.
«Өкінішке орай, біз бұған жаңа (мұнай) провинциясын әзрлеген жоқпыз, әрбір 20 жылда ескі кеніштердегі мұнайдың табиғи құлдырауының орнын толтыратын шаралар алған жоқпыз. Біз жаңа мұнай көздері Арктика болар деп үміт еттік, бірақ та Арктика бұл үмітімізді ақтамады. Біз Шығыс Сібір де мұнай өндірудің қысқаруын жабуы тиіс еді, өкінішке орай, оның қорларының құрылымы Батыс Сібірдегі және дәстүрлі аймақтардағы табиғи құлдыраудың орнын жаба алмайтынын көріп отырмыз», деді Алекперов.