Лусинэ Геворгян: Армения — Қазақстан үшін жаңа туристік бағыт
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Армения мен Қазақстан арасындағы туризм саласындағы әріптестік жаңа деңгейге көтерілуі мүмкін. Бұл туралы Kazinform тілшісіне Арменияның туризм комитетінің төрағасы Лусинэ Геворгян айтты.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Армения арасындағы қарым-қатынас әрдайым жылы әрі достық сипатта болған. Бұл байланыстар туризм саласында да өз көрінісін тауып отыр.
– Біз қазақстандық туристердің Арменияға тек іскерлік мақсатпен емес, демалу үшін де жиі келгенін қалаймыз. 2019 жылы Қазақстаннан келген турист саны шамамен 40 мың адамға жетті. Бұл жоғары көрсеткіш. Көбінесе бұл бизнес-туризм болатын. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 11 мыңға дейін төмендеді. Бірақ олардың көбі Арменияға біздің тарихымызбен, мәдениетімізбен, табиғатымызбен танысу үшін келді. Қазір Армения Қазақстан үшін жаңадан ашылып жатқан туристік бағытқа айналып жатыр, — дейді Лусинэ Геворгян.
Спикердің сөзінше, Армения қазір этно және гастрономиялық туризм бағытында белсенді дамып келеді. Елдің бай тарихи-мәдени мұрасы, ұлттық тағамдары мен шарап өндірісі шетелдік туристерді өзіне тартып отыр. Ел аумағында 26 мыңнан астам тарихи ескерткіш тіркелген, олардың ішінде христиан дініне дейінгі дәуірге тиесілі храмдар мен шіркеулер де бар. Көптеген нысандар ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енген.
Сонымен қатар, ол Қазақстанның армян туристері үшін де қызықты бағыт екенін атап өтті. Бірлескен турпакеттер мен арнайы ұсыныстар әзірлеу арқылы туризмді екіжақты дамытуға болатынын айтты.
— Біз Қазақстанмен арадағы туризм саласындағы байланысты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Бірлескен бастамалар мен жаңа бағыттар арқылы елдеріміздің туристік мүмкіндіктерін кеңейтуге болады. Сонымен қатар, екі ел арасындағы туризмді дамытуға ресми қолдау көрсету мақсатында мемлекетаралық ынтымақтастықты құру жоспарда, — деп атап ол.
Айтуынша, қазір Ақтаудан Ереванға тікелей рейс бар.
— Бұрын Алматы мен Ереван арасында әуе қатынасы болған және менің ойымша, бұл бағытты ең болмағанда жоғары маусымда – сәуірден қазанға дейін қайта бастаған дұрыс болар еді. Бұл туристерге фестивальдерге, концерттерге және басқа да маңызды шараларға келуге мүмкіндік береді. Туристер үшін тікелей рейстердің маңызы зор, олар әдетте трансферсіз саяхаттауды жөн көреді. Жақын арада қазақстандық әуе компаниясымен Ереванға жаңа рейстер ашу мүмкіндігін талқылауды жоспарлап отырмыз,— дейді ол.
Еске салайық, бұған дейін Армениядағы Қазақстан мәдени күндеріне үш мыңнан астам адам қатысқан болатын.