Лувр музейі студенттер наразылығына байланысты уақытша жабылды

АСТАНА. KAZINFORM — Дүйсенбі күні таңертең өнер және мәдениет оқу орындарының студенттері мектептердегі наразылық шараларын қолдап, әйгілі Лувр мұражайына кіру жолын жауып тастады, деп хабарлайды Franceinfo.

Лувр
Фото: Pexels

Дереккөздің хабарлауынша, акцияны негізінен Лувр жоғары мектебінің (École du Louvre) студенттері ұйымдастырған. Оған Бейнелеу өнері мектебін қоса алғанда, басқа да оқу орындарының студенттері қатысқан.

Наразылыққа байланысты Лувр музейі таңғы сағат 9:00-де ашылмады. Қатысушылар «Әлемдегі ең үлкен музейдің жұмысын тоқтатқанымызды мақтан тұтамыз» деген жазуы бар үнпарақ таратты.

Лувр басшылығы наразылық акциясының музейге тікелей қатысы жоқ екенін айтып, мекеме өзге мәселелерге назар аударту алаңы ретінде пайдаланылып отырғанын атап өтті. CGT кәсіподағы музей кемінде түске дейін жабық болады деп болжады.

Францияда мектеп оқушыларының наразылығы қыркүйек айының ортасында мұғалім тапшылығы, оқушы санының көптігі және білім беру мекемелеріндегі жағдайдың нашарлауына байланысты басталды. Кейін наразылық ауқымы кеңейіп, өмір сүру құнының өсуі мен билік саясатына қатысты талаптарды да қамтыды.

17 қазанда Францияның бірқатар өңірінде жаппай наразылық акциялары өтті. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, шеруге шамамен 550 мың адам қатысқан, ал ұйымдастырушылар қатысушылар санын 800 мыңға дейін бағалады. Бірнеше қалада тәртіпсіздік болып, тонау және ғимараттарды өртеу оқиғалары тіркелді.

Лувр музейіне кіруді шектеу 2025 жылғы 19 қазанда Аполлон галереясынан зергерлік бұйымдар ұрланған атышулы оқиғадан тура бір жыл өткен соң болды.

Бұған дейін Лувр музейіне заңсыз кірген студенттің ұсталғанын хабарлаған едік.