Лужков жеке заттарын алып кету үшін мэрияға келді
Саясаткер Тверской 13-тегі бұрынғы жұмыс орнына таңғы сағат 7:55-те, Дмитрий Медведевтің оны қала мэрі қызметінен босату жөніндегі жарлығының шыққанына тура бір тәулік өткенде келді.
«Интерфаксқа» берген сұхбатында Лужков, мэрияға апта соңына дейін келіп-кететінін жеткізді. «Жеке заттарымды жинастыру үшін маған бірнеше күн керек. Менің, тек қана наградаларымның өзі бірнеше шкаф болады», - деп атап өтті Лужков.
Юрий Лужковты қызметінен босату туралы жарлық сейсенбі күні таңертең жарияланды. Отставканың себебі - мемлекет басшысының сенімін жоғалтуы. Лужков өзінің отставкаға кеткенін жұмыс орнына келгенде ғана білген.
«Ресейдің ең жоғары лауазымды тұлғасы - президент сенім білдірмеген жағдайда губернатордың жұмыс жасауын көз алдыңызға елестету өте қиын. Міне, дәл осы жағдай орын алды», - деді Дмитрий Медведев жорналшыларға. Лужковтың отставкасын айтып жататын еш нәрсе жоқ. «Өйтені, оның себебі - жарлықтың өзінде айтылып тұр. Бұл, менің Ресей Федерациясының Президенті ретінде, Юрий Михайлович Лужковқа сенімім жоғалды дегенді көрсетеді, ал қолданыстағы заң сенім жоғалған жағдайда қызметтен босатуға тікелей құқық береді», - деп мәлімдеді Медведев.
Мәскеу мэрінің уақытша міндетін атқарушы болып астана құрылыс кешеніне басшылық ететін 74 жастағы Владимир Ресин тағайындалды. Ол жаңа басшы қызметтік міндетіне кіріскенге дейін мэрияға жетекшілік етеді.