М. Әбіләзов пен БТА Банктің бұрынғы басшыларына қатысты тағы 8 қылмыстық іс қозғалды - ҚР қаржы полициясы
АСТАНА. 7 тамыз. ҚазАқпарат - Қашқында жүрген банкир Мұхтар Әбіләзов пен оның сыбайластарының үстінен қаржы полициясы тағы 8 қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы бүгін брифингте ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай хабарлады.
«Қаржы полициясының тергеу-жедел тобы «БТА Банк» АҚ-ның қаржысын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істерді тергеу барысында Мұхтар Әбіләзовтің және банктің басқа да бұрынғы басшыларының үстінен оффшорлы компанияларға қасақана қайтарымсыз несиелер беріп, банкке 317 млн. АҚШ доллары көлемінде зиян келтіргені үшін тағы 8 қылмыстық іс қозғады. Қылмыстық істер тергелу үстінде. Тергеу барысына нұқсан келтірмеу мақсатында өзге ақпараттар жарияланбайды», - деді М. Жұманбай.