М. Әблязовтің серіктестері Ирландия билігінің назарына ілікті

Ирландия азаматы Филипп Барвелл мен Латвия азаматтары Стэн Горин, Эрик Ванагелс мен Юрий Витман бірігіп офшорлық компания желілерін құрған, оның қызметін қазір Украина, Латвия мен Қазақстанның құқық қорғау органдары тексеру үстінде. Енді тергеу жұмысына Ирландия билігі де араласпақшы. Атап айтар болсақ, олардың назарына Горин мен Ванагелс басқарған Milltown Corporate Services компаниясы ілігіп отыр. Бұл ұйым кезінде БТА банкінен шетелге ақша аудару үшін Loginex Projects LLP компаниясын құруға көмектескен.
Халықаралық тергеуші-журналистер консорциумы ұсынған мәліметтерге сәйкес, 2006 мен 2007 жылдары Әблязов Британияның Виргиния аралдарында 31 офшорлық компания құрған екен. Қазір оған қазақстандық БТА банкінен 5 млрд доллар көлемінде ақша жымқырды деген айып тағылып отыр. Ол өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалғаннан кейін Қазақстан аумағынан 2009 жылы ізін суытқан болатын. Ол кезде қашқын банкир Ұлыбританиядан саяси баспана сұрап, соның қамқорлығына өтті. Қазір Қазақстан ірі алаяқтық жасап, жалған компаниялардың көмегімен банк қаражатын жымқырды деген айыппен оның экстрадициялануын талап етуде.
Бір қызығы, осындай офшорлық компанияларды құру заңға қайшы келмейді екен. Алайда «қуыршақ» басшылар басқарған мұндай бизнестің «шимайланған» құрылымы оның нағыз иесін анықтауға және тауып алуға кедергі келтіреді. Халықаралық тергеуші-журналистер консорциумының мәліметтеріне сәйкес, офшорлардың көмегімен әлемде 32 млрд долларға жуық қаржы салық сүзгісінен тыс айналып жатыр, деп хабарлайды BNews.kz.